Димаш секілді Головкиннің де америкалық жанкүйерлерінің қазір қарасы көбейгені анық. Күллі әлем жұртымен бірге, мен де Генаның рингке оралуын асыға күтудемін. Әттең, Лос-Вегастағы «GGG» мен «Канело» жекпе-жегіне жолым түспеді. Дегенмен, Головкиннің келешек қарсыласы кім деген сұрақтың жауабын білемін.
Ғасыр жекпе-жегі атанған Головкин мен Альварес айқасының нәтижесін, күні бұрын құмалақ ашып болжаған бұл әже Қазнетті күлкіге қарық қылғаны анық. Геннадийдің өзі болса миллиондаған жанкүйерлерімен бірге, Т-Mobile аренадағы тең есепке өкінішпен қарайды.
Геннадий Головкин, WBA (Super), WBC, IBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы:
- Мұндай жағдай бокс үшін өте өкінішті. Жағымсыз оқиға. Дегенмен, мен әлі де чемпионмын. Бұл осы күнгі ең үлкен жекпе-жек болды. Компьютер көрсеткендей мен көп әрі нәтижелі соққылар жасадым.
Головкин төрт бірдей чемпиондық белбеуін сақтап қалса да, “GGG-Сanelo” кездесуінде 118-110 есебімен жеңісті мексикалыққа ұстатқан әйел-төрешінің кәсібилігіне күмән келтіргендер жетерлік.
Оскар Де Ла Хойя, «Golden Boy» промоутердік компаниясының президенті:
-Тамаша жекпе-жек болды. Екеуі де лайықты боксшы. Мен де өзгелер секілді 118 -110 есебін түсіне алмадым. Дегенмен, төреші әйел көптеген титулды кездесулерге қазылық жасағаны бар.
Реваншқа асықпайтын Альварес рингке келер жылы бірақ оралмақ. Головкин өз кезегінде осы желтоқсан айында қайта жұдырықтасуға тас-түйін даяр. Ол енді WBО-ның уақытша чемпионы Мигель Коттомен немесе орта салмақтағы WBО-чемпионы Билли Джо Сондерспен жекпе-жекке шығады.