Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан «Астана» неше млн еуро табысқа кенелді?

Сообщить о проблеме с эфиром

«Астана» футболшылары да, қазір шет елдік жұлдыздардан кем талқыланып жатқан жоқ. Олар қос матч қорытындысында польшалық «Легия» командасын жеңіп, Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне өтті. Бұл жетістік клуб қоржынын бірнеше млн еуроға толтырмақ!

Варшава қаласында жергілікті клуб «Легия» мен «Астана» арасында өткен қарымта кездесудің тағдырын жалғыз доп шешті. Гол авторы – бұрыштама добын 76 минутта елордалықтар қақпасына дәл бағыттаған Якуб Червиньский. Дегенмен, «Астана» қос матчтың ортақ нәтижесі 3-2 есебімен, Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алды.  

Жеребеге сай «Астана» клубына грекиялық "Олимпиакос", шотландиялық "Селтик", даниялық "Копенгаген", кипрлік АПОЭЛ немесе словениялық "Марибор" футбол ұжымдарының біреуі бұйырады. Бұл бес команда тізімінен  елордалық аяқдоп шеберлері тек "Копенгагенмен" әлі жүздеспеген. 

«Астана» Чемпиондар лигасының екінші айналымы үшін УЕФА тарапынан 320 мың еуро алады. Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өткен жағдайда команда жалпы 12,7 млн табыс тапса, Еуропа лигасы клуб қоржынын 2,6 миллион еуроға толтырмақ. Әр жеңіс пен тең ойын үшін төленетін бонустарды есепке алмағанда, «Астана» бұл Еурокубок маусымында кемінде 6 млн 180 мың еуроға кенеледі!