Кезінде ресейлік «Кубань» сапында қосалқы құрамда отырып қалған Аршавин, «Қайрат» сапында екінші тынысын ашқан еді. Қайта түлеп қайратын тапқан Андрейді ресейлік БАҚ өкілдері сағынып жүргендей. Олар аяқдопшының «Зенитке» оралуы ықтимал деп даурығып жүр. Рас па?!
Аршавин «Зенит» сапына қайта кетуі мүмкін бе?! Бұл сұрақ мыңдаған қайраттық жанкүйерлерді де мазалайды. Тақырыптың ұшын шығарған ресейлік БАҚ. Бұған себеп, питерлік клубтың спорттық директоры Константин Сарсанияның сөзі. Ол журналистерге Аршавиннің қайта келуі туралы «бәрі де мүмкін, тек күні бұрын тон пішуге болмайды» деп шолақ қана жауап берген. Дегенмен, бір ауыз сөзден толғатып осы үлкен тақырыпты туғызған орыс журналистері Андрейді шын сағынған сыңайлы.
Отыз бесінде «Қайратқа» келіп қайта түлеген Аршавин былтырғы ҚПЛ маусымында 8 мәрте, биыл 3 рет голмен көзге түсіп үлгерді. Нәтижелі пастары бір төбе, әдемі соғылған доптары бір төбе! Кеше өзі жасындай жарқылдаған «Зенитке» жарамай, «Кубань» ұжымында тек қосалқы құрамда отырған Андрей, «Қайратта» бұрынғы қуатын қайта тапқанына осымен екінші жыл. Ол питерлік команданың негізгі ойыншысына айналмаса да, клубтың құрылымынан бір лауазымға ие болуы ықтимал. Ресейлік БАҚ-тың болжамы осыған саяды.
Аршавиннің ««Зенит» құрамына оралу мәселесі басшылық деңгейінде астыртын талқыланып жатыр» дегенді, «Қайрат» клубының баспасөз қызметі жоққа шығарды. Демек, жоқ жерден дауыл туғызған ресейлік БАҚ-тың көріпкелдігі ғана. Орда бұзар отыздың бел ортасынан, қырықтың қырқасына аттаған Аршавин әзірге премьер-лигамыздың шырайы бола тұрмақ.