Атышулы америкалық боксшы Джеймс Киркленд енді Қанат Исламның қарсыласы атануы ықтимал. Джеймс соңғы рет Канело Альварестен оңбай таяқ жеген соң рингке қайта шықпаған. Бірақ, мансабында 28 нокаут тіркеген АҚШ-тың бұзықтау бұл қара баласын көпшілік неге жақтырмайды?
Егер Қанат Ислам бірінші орта салмақта кезіндегі азуын айға білеген Джеймс Кирклендпен жұдырықтасар болса бағы жанады. Бұл бокс саласын жетік білетін білгілі журналистердің пайымы. Ең алдымен Джеймсті жеңу арқылы Қанат өзін әлемге танытады. Екіншіден қос былғары қолғап шебері WBO немесе WBA тұжырымының чемпиондық белбеуі үшін айқасқа түсуі ықтимал. Джеймс Киркленд соңғы мәрте рингке 2015 жылдың мамыр айында шыққан. Жалпы америкалық боксшы өз мансабында 34 жекпе-жек өткізіп оның 32-інде басым түскен. Бұл тізімінде ешкім тартып ала алмайтын 28 нокауты тағы бар. Ол тек Нобухиро Ишидаға және Сауль Альвареске ұтылған. Соңғы жеңілісте ол мексикалық сабаз Канелоның нағыз бабында тұрған шағына тап келген еді. Қанат Ислам мен Джеймс Киркленд Астана қаласында қыркүйекте жекпе-жек өткізуі ықтимал. Екі тараптың арасында қазір келіссөздер жүріп жатқаны тағы бар. Джеймс болса Қанатпен айқасу үшін өзінің әлемнің кез-келген түкпіріне баруға даяр екенін айтқан. Талайдың рингте шаңын қаққан боксшы нағыз айқасты сағынып жүрген секілді. 33 жасар Джеймстің әлі де күш-қуаты бабында екені белгілі. Тек жөнсіз жаттығу стратегиясы оның жеңілістеріне жол ашып, мансабын үлкен сұрақтың алдында қалдырған еді. Қанатпен айқасу арқылы ол бұрынғы биігіне қайта шығуға қадам жасайды. Қанат Ислам өз кезегінде ұтып жатса бірінші орта салмақтың саңлақтарымен ринг шығып, чемпиондық бәсекелер өткізу құқығын жаулап алмақ.Қанат Исламның келесі қарсыласы атануы мүмкін Джеймс Киркленді ашық түрде жақтырмайтындар кім?
31.05.2017