Еліміздегі ең қарапайым да, бағалы мамандық иелері мейірбикелер төл мерекелерін тойлауда
12.05.2017
Мейірбике мамандығы бұл орта білімді медицина қызметкері. Ол дәрігердің нұсқауын орындап, науқасқа көмектесуші әрі онымен тікелей байланыста жұмыс жасайтын жан.
Жұмахан Молдақұлов, Алматы көпсалалық клиникалық ауруханасының директоры:
– Енді, негізінде бізде 800-ге тарта қызметкер жұмыс істейді. Оның үстіне мейірбикелердің саны 500-ге жақын. Мейірбикелердің істеп жатқан жұмыстары өте көп. Негізгі жұмыстың 70, 80 пайызын осы кісілер атқарады. Сондықтан, ол кісілерге деген біздің құрметіміз, сыйымыз әрдайым биікте.
Бүгін Алматы қалалық көпсалалық клиникалық ауруханасында мейірбике ісінің өкілдері төл мерекесін тойлатуда. Түрлі командалық сайыстар ұйымдастырып, әр бөлім өзінің біліктілігін шағын қойылым арқылы паш етті. Медицина майданының алдыңғы шебінде жүретін бұл жауынгерлер, осы мамандыққа кең жүректің қажетін айтады.
Қарлығаш Наурызбайқызы, Алматы көпсалалық клиникалық ауруханасының бас мейірбикесі:
- Мейірбикелердің қолында ғой адамның өмірі, қателесуге болмайды біздің медбиекелерге. Жүрегі болуы керек шығар. Адамға жаны ашуы керек, адамның жанын түсінуі керек, мейірімді болуы керек аты айтып тұр ғой.
12 мамыр – медбике ісінің негізін салушы, ағылшын медбикесі Флоренс Найтингейлдің туылған күні. Ол Қырым соғысы кезінде тұңғыш болып мейірбикелер қызметін ұйымдастырған тұлға. Тарихтағы түрлі майдандарда жаралының жанын арашалайтын мейірбикенің де рөлі орасан болған.
Ақмарал Әлиақпарқызы, Алматы көпсалалық клиникалық ауруханасының мейірбикесі:
- Бұл сала бойынша жұмыс істегеніме бес жылдың көлемінде болды. Қиыншылығы да болады, жақсы қызық кездері де болады. Екеуі қатар жүреді. Соның бәріне төзе білеміз.
Мейірбикелікті көбінесе нәзік жандылардың таңдауы жазылмаған дәстүр секілді. Дегенмен, бұл абыройлы да жауапты іске бойұсынған жігіттердің де қатары артқан. Мемлекеттің төлейтін еңбекқысы мен олардың арқалаған жүгін таразыға салуға әзірге келмейді.
Жұмахан Молдақұлов, Алматы көпсалалық клиникалық ауруханасының директоры:
– Мемлекеттік бағдарлама бойынша қойылған жалақы мөлшері әрине төмен. Қосалқы жалақы төлеуге біз дайынбыз. Ол біріншіден әр мереке сайын премиальный, кейбір мейірбикелерге доплата есебінде берілетін нәрселер бар.
Мейірбикелер білімі мен біліктілік дәрежесіне қарай түрлі санатқа бөлінеді. Баршасының адал миссиясы науқастың көңілін тауып, сырқатты емдеп шығару. Қазақстандық мейірбике ісінің барша өкілдеріне сәттілік тілейміз.