Ташкентте қазақ боксшыларының өзбектерден ойсырай ұтылуына не себеп?
11.05.2017
Азия тұрмақ, әлемге беделді азулы бокс мектебі бар Қазақстан үшін, Ташкенттегі «сары құрлық» біріншілігі сәтсіз болды. Он салмақ дәрежесінде сынға түскен ұлттық құрама жігіттерінің барлығы ширек финалға дейін сүрінбей жеткенімен, ақтық сынға тек төртеуі шықты. Солардан 91 келі самақта жалғыз алтынды еншілеген Василий Левит.
Денис Лебедев, WBA, ІВF тұжырымы бойынша әлем чемпионы:
– Өзбектер жарап тұр. Оларда соңғы жылдары үлкен ілгерлеу байқалады. Ақтық сынға шыққан әрбір боксшы құрметке лайықты. Екінші орын алса да, қазақ боксшылары олар үшін қауіпті қарсылас болып қалмақ. Бокстағы мықтылықтың бағы әркімге алма-кезек бұйырады.
Тоғыз бірдей алтынды мойнына таққан өзбек боксшылары Азия чемпионатының тарихи рекордын орнатты. Бағы да, бабы да қатар шапқан ала шапанды ағайындардан финалды ұтылған біздің Абылайхан Жүсіпов, Ерік Әлжанов, Қымшыбек Қоңқабаевтар күміс олжалады. Бұл туралы жанкүйелер пікірі мынадай.
– Өзбек халқының өз елінде болғасын ғой. Судьялардың бәрі соларға бұйырып тұрған шығар. Қазақ елінде болса, біздікілер көп алтын алар еді.
- Бокс қазақтың ең бір мықты спорт саласы ғой. «Астана Арланс» кезінде «Өзбек Тайгерстен» жеңілді ғой. Өзбек спортшылары дамыған шығар, кейінгі жылдары өскен шығар.
– Ондай көрсеткіш неден болады? Біріншіден дұрыс дайындық болмады, екіншіден мүмкін қазылар алқасы ма...
Ташкент төрінен бір алтын, үш күміс, төрт қоланы қоржынға салып келген біздің ұлттық құрама үшін бұл көрсеткіш көңілге қонымсыз. Салыстырмалы түрде 2013 жылғы Азия чемпионатында 7 алтын, 2015 жылы 5 алтын олжалаған екенбіз. Екі жыл сайын өтетін бұл біріншіліктегі ең басты қарсыласымыз - өзбектер. Ресейлік кәсіпқой Денис Лебедевтің сөзінше, қазіргі бокс сахнасында мықтылардың қатары артып келеді.
Денис Лебедев, WBA, ІВF тұжырымы бойынша әлем чемпионы:
– Қазақ боксының өкілдерімен әлемде бәрі санасады деп айта аламын. Олар халықаралық сайыстарда әркез жүлде алады. АҚШ-та мен жаттығатын залға келетін қазақ жігіттерінің деңгейі жоғары. Бокста бір сәтсіздікке бола бәрін жоққа шығару қателік. Бокстағы бәсекелестік артуда. Қазақ бокс мектебі үшін үздіктер сапында болу қиындай түседі.
Азия чемпионатына қатысқан спортшыларымыздың тоғызы Гамбургте өтетін әлем біріншілігінің лицензиясын ұтып алды. Бұл да көңілге медеу. Енді қазақ бокс мектебінің шеберлері сол жақта жақсылап есе қайтарады деген үміт бар.