#24СағаттықЧеллендж! Жасөспірімдер арасында қауіпті флешмоб белең алуда
11.05.2017
#24СағаттықЧеллендж! Бұл жасөспірімдер арасында пайда болған жаңа тренд. Еш ескертусіз, тәулік бойы супермаркет, сауда үйі немесе кинотеатрда тығылатын оқушылардың ойыны, бүгінде ата-аналардың зәре-құтын қашырып отыр. Жеткіншектер арасында белең алған флэшмоб несімен қауіпті?
#24СағаттықЧеллендж! Жасөспірім ата-анасына ескертпей, тәулік бойы күзет объектілерінде жасырынып, түнеп шығуы керек. Ал челлендждің жүзеге асқанының дәлелі ретінде, желіге видео жазбаны жүктеуі тиіс. Қазақстандық балалардың арасында белең алған бұл ойынның ережесі, тым қарапайым болып көрінуі мүмкін.
Ділдә Сақтағанова, психолог:
- Дер кезінде шек қоймаса, адамның өзінің құмарлығын қанағаттандыруға деген ұмтылысы күшейе береді. Бір рет жеңгеннен кейін, басқа да белестерді бағындырғым келеді дейді. Олар биік, зәулім этаждардан жүгіріп жарысқысы келеді. Сол үшін бұл жерде қауіпсіз деп айтуға болмайды.
Бүгінгінің балалары тез танылудың тәсілін тапқан сынды. Желіге жазбаны жүктеп әп-сәтте жұлдыз атану трендке айналғандай... Алайда, ата-аналар қауіпті ойынға құмар жеткіншектерге дер кезінде тосқауыл қоя білуі керек.
Ділдә Сақтағанова, психолог:
- Шектеуді де дұрыс қою керек. Баланы жазалағанда да, мадақтағанда да сауатты болуы керек ата-аналар. Бұл жас ерекшеліктің тағы бір өзгешелігі философиялық категориялардың қалыптасатын кезі. Адалдық, сөзінде тұру, достық, махаббат, патриотизм деген сияқты мықты ұғымдардың дәлелденіп көрініс табатын кезеңдері.
#24СағаттықЧелленджді америкалық екі студент ойлап тапқан. Видеосы сол сәтте-ақ миллиондаған қаралым жинап, танымалдылыққа ие болған жігіттердің супермаркеттегі хикаясы сәтсіз аяқталыпты. Күзетшілердің құрығына түскен бозбалалар телефонынан айырылып, полиция қызметкерлері жауапқа тартқан екен. Иә, ойыннан от шығады деп осындай айтылса керек!