Калабасас ұлттық саябағында өткен Dior көрсетіліміне тонмен келген Рианна мазаққа айналды
12.05.2017
Мария Грация Кьюри Christian Dior-ға келгелі жасаған тұңғыш топтамасы ұсынды. Сән үйінің дизайнері және креативті директоры круизді коллекциясын таныстыру үшін, Санта-Моника тауларының бөктерін таңдаған. Сондықтан да, әйел мен табиғат арасындағы байланысты топтамама арқау еттім, - дейді сәнгер.
Рианна шақырайған күннің ыстығына қарамастан тон киіп келген. Мұнысын күлкі қылғандар да аз емес. Дегенмен, барбадоссалық сылқымды елдің пікірі мүлдем толғандырмайды.
Рианна, әнші:
- Жаңа топтаманың концепциясын көргенше асықпын! Dior-дың мені таңқалдырмаған сәті болған жоқ.
- Неге Dior-ға сонша ынтықсыз?
- Себебі, бұл бақуаттылықтың белгісі! Менің мүнсіз мүсінімді одан әрі әрлей түсетін сапалы бренд.
Шарлиз Терон көзге түскісі келмеді ме, қара костюмге таңдау түсірген. Дегенмен, аққұба ару назарсыз қалсын ба?
Миранда Керр, Бри Ларсон мен Келли Роуленд Christian Dior-дың әр маусымдағы сasual көйлектерін киген. Деми Мур асимметриялық блейзер мен белдемшені үйлестіріпті.
Деми Мур, актриса:
- Жәй ғана топтама тамашаламайсың. Dior-дың әр көрсетілімі бізді ерекше шабыттандырады.
Таныстырылымға шақырылған қонақтар жандарын шүберекке түйіп келгенін айтады. Себебі, сән үйі бұл аймақта жыландар мен жабайы аңдардың кездесетінін бірден ескерткен. Ласко үңгірінде табылған суреттерден шабыт алған Кристиан Диордың 1951 жылғы коллекциясы, Мария Грация Кьюридің тың топтамасында жалғасын табады. Жабайы табиғаттың әсемдігі жібек белдемше мен көйлектерде, бешпет пен ішіктерде бейнеленген. Бұдан бөлек, суретші Джорджия О'Кифф-тің жеке заттары, картиналары мен мүсіншелері де шабыттандырған.