Бенедикт Камбербэтч «BAFTA» жүлдесі үшін Елизавета II бақталасады
12.04.2017
Британиялық киноакадемия телевизияға арналып таспаланған туындылардың үздіктерін іріктеуге кірісті. Үміткерлер қатарына еніп үлгерген Бенедикт Камбербэтч алақанын ысқылап отыр! Сыншылардың пікірінше, актер қанжығалаған мүсіншесімен рекорд жаңартуы мүмкін.
Британиялық киноакадемия бұл жолы назар тігуге лайық деп санаулы телехикаяларды ғана сұрыптаған! Басым көпшілігі Елизавета II ханшайымның тағдыры хақындағы көп сериялы тарихи драманың, бірнеше номинацияда көрінуіне ықпал етті. Түсінікті де шығар! Себебі, «Корона» жаһандағы ең қымбат картина! Екі маусымға жалғасқан туындының әр бөліміне жұмсалған қаржы 5 миллион долларды құрайды.
«Коронамен» бірге «Дарреллы», «Счастливая долина», «Война и мир» телехикаялары ең үздік драма атағы үшін сынға түседі. Бенедикт Камбербэтчтың қатысуымен таспаланған "Пустая корона" бұл тізімге ілікпей қалды. Есесіне, серінің өзі Ричард III рөлі үшін, үздік актер мүсіншесінен үмітті.
Бенедикт Камбербэтч, актер:
- Монархтың адами болмысын ашу басты мақсат болды. Ауыр тағдыр оның бойындағы мейірімділігін жоқ қылған. Сондықтан да, ол қаһарлы, тым қатыгез! Мен көрерменге осыны жеткізгім келген.
Сыншылар биылғы BAFTA-ның сыйлықтар жиынтығы «Оскармен» салыстырғанда, он есе арзан екеніне мін тақты. Дегенмен, жүлдегерлерге дәстүрлі алтыннан құйылған бетперде табысталады. Кімнің оза шапқаны 14 -ші мамырда белгілі болады. Биыл жүлде тапсыру салтанаты Лондондағы Корольдік фестиваль залында өтеді деп жоспарлануда.