Рахметіңді айтып, қалағаныңды ал! Алматыда тегін киім тарататын бутик ашылды
07.04.2017
Мына шағын дүкен, бастапқыда гараж болған екен. Қайырымдылыққа жаны құмар қожайыны бір сәтте-ақ көлік тұрағын, жап-жаңа бутикке айналдырған. Иван есімді 30 жастағы бизнесмен, киімге мұқтаж жандарға жәрдемдесу мақсатында, игі бастаманы қолға алады...
Иван Троян, бутик иесі:
- Бір күні көшеде кетіп бара жатсам, көршілерім киімдерін қоқыс жәшігіне лақтырып жатыр екен. Ол жерде қаңғыбастар таласып жатыр. Сол сәтте неге осындай дүкен ашып, мұқтаж жандарға үлестірмеске деген ой келді.
Мәселен, таңертең бұл бутиктің сөрелері киім-кешекке толы болғанымен, түс қайта орындары босап қалатын көрінеді. Дүкеннен керегін тапқан тұрғындардың қуанышында шек жоқ!
- Біз тәтемізге киім алып беріп жүрміз.
- Мен өзіме 2 куртка алдым. Немерелеріме келгенмін, детский киім бар ма екен деп алдым. Ашқанына рахмет. Мен алыстан келіп тұрмын.
- Спасибо, большое Вам...
Иә, бұл бутикте сатушы да, касса да жоқ! Ең бастысы қажетті киіміңізді алып, қожайынға тек «рахмет» сөзін айтсаңыз жеткілікті. Дүкенге артық заттарыңызды табыстасаңыз да болады. Бір ескертетін жайт, таза әрі бүтін болуы тиіс.
Иван Троян, бутик иесі:
- Бүгінгі күнге дейін алушылардың саны артып келеді. Ал, керісінше керексіз киімдерін өткізуге ниеттетілер, енді еселенетін шығар. Өйткені, барлығы хабардар болып үлгерген жоқ.
Мәселен, мына отбасы тегін дүкен жайлы әлеуметтік желіден оқып, жәрдемдесуге келген.
Ербол Тамаев, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бұл нәрсе жақсы нәрсе, біздің үйде зат жиналып қалған. Соны осы жерге алып келеміз деп ойлап жатырмыз. Мына қызымның ойыншықтары көп. Басқа балаларда ойнасын деп сол келіп көрдік. Жақсы, идея жақсы негізі.
Ал, дүкен басшысы Иван бүгінде Ютубтағы жеке арнасы арқылы видео-блог жүргізіп отыр. Алматының өзге аудандарында да, тегін киім табыстайтын бірнеше бутик ашу жоспарда бар, - дейді кәсіпкер.