Қанат Ислам мен Жанат Жақиянов балақайларға бокстың қыр-сырын үйретті
04.04.2017
Қанат Ислам мен Жанат Жақияновтың шеберлік-жаттығуына келген қалың жұрттың көпшілігі балалар. Олар осы ағаларымыздай болып, көк туды биікке көтерсек деген арманның жетегінде жүргендер.
Жүздесуге жиылған үлкенді-кіші бокс жанкүйерлері, Қанат пен Жанаттың рингтегі жетістіктерінің басты құпиясын көзімен көрді. Бұл - тынымсыз еңбек пен жаттығу. Олар боксшыларға сұрақтарын қойып, қаумалап қолтаңба алып, естелік фотосуретке түсуді де ұмытпады. Қанат Ислам журналистерге «Экспо-2017» халықаралық көрмесі аясында өтетін жекпе-жегі туралы айтып берді.
Қанат Ислам, «WBO Inter-Continental, WBA Fedelatin» чемпиондық белбеулерінің иегері:
- Астанадағы кездесудің барлығы шешіліп болды. Қазір соған біздің команда тас-түйін дайындалып жатыр. Бірақ оған дейін мамыр айында бізде Америкада бір кездесу болады. Сол кездесуден кейін Астанаға келеміз.
Айды аспанға шығарып «WBA Super» чемпиондық белбеуінің иегері атанған Жанат Жақиянов та өзінің алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жанат Жақиянов, «WBA Super» чемпиондық белбеуінің иегері:
– Биыл тағы бір үлкен жекпе-жек өткіземін. Мүмкін ол біріккен кездесу болады. Егер қарсыласпен келіспейтін болсақ мен өзімнің «WBA Super» белбеуімді қорғаймын.
Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді! Қанат Ислам жеңіл салмақта әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ кәсіпқой боксшысы Жанат Жақияновты аға тұтып, құрметтеп қарсы алған. Аға-іні болып бауыр басқан боксшылардың ендігі көздегені - көк тудың әрі де желбірегені.