Әли Оқапов анасы жайлы диссертация қорғады!

Сообщить о проблеме с эфиром
Роза Рымбаева хақында құнды ақпарат! Әли Оқапов анасы жайлы диссертация қорғады! Жақында желі арқылы білім жолындағы жағымды жаңалығын жеткізген Әли Оқапов болса, тағы бір құпияның құлпын ашты. Магистратураны тәмәмдаған музыкант, қорғаған диссертациясының тақырыбы ретінде Роза Рымбаеваның шығармашылық жолын таңдапты. Бүгінде 26 жасқа аяқ басқан Әли өмір жолында 12 сыныптық музыка мектебін тәмәмдап, 4 жылын өнер университеті қабырғасында өткізіп, соңғы 2 жылда магистратурада білім алды. Жуырда осы ғылыми дәрежені еншілеген Оқапов диссертация тақырыбын таңдауға келгенде көп толғанбапты. Әли Оқапов – әнші: «Менің тақырыбым жалпы Роза Рымбаева жайлы. Анам жайлы диссертация жаздым. Тек Роза Рымбаева жайлы емес, «Орындау шеберлігінің феномені» ретінде. Өйткені, мен былай ойландым, былай ойландым. Менен артық білетін адам жоқ шығар, бұл әлемде.» «Өнертану» мамандығы бойынша білім алған Әлидің бұл тақырыпты таңдауы да тегін емес. Өйткені, ғылым саласында Роза Қуанышқызы жайлы зерттеу жұмыстары некен-саяқ көрінеді. Әли Оқапов – әнші: «Менің анамның 40 жыл болды мысалға шығармашылығына. Бірақ, осы күнге дейін бірде-бір ғылыми жұмыс жазылмаған екен. Қазақстанда, ТМД елдері бойынша жалпы әлемде. Менің ойымша ол дұрыс емес сияқты. Өйткені, эстрада жанрындағы мен үшін ең бірінші орындауша біздің елімізде - ол менің анам!» Әли, диссертация дайындау барысында анасы жайлы біраз мағлұматтан хабардар болғанын айтады. Сондай-ақ, тыңдарманды да құлағдар етер құнды ақпараттар жетіп артылады. Әли Оқапов – әнші: «Мысалға, анам бірінші мамандығы бойынша скрипкашы. Оны көбісі біле бермейді, мысалға. Скрипка бойынша музыкалық білім алған. Екінші бір қызықты ақпарат, анам ешқашанда вокалдан сабақ алмаған. Мамандығы бойынша ол актриса. Оны да көбісі білмейді.» Әли Оқапов алдағы уақытта «Розатанушы» атанса, таң қалмаңыз! Халық әртісінің тұңғышы анасы жайлы ақпараттар легін докторлық жұмысында да жалғастыруға ниетті.