XVII Халықаралық «ЕУРАЗИЯ!» кинофестивалі шымылдығын түрді!

Сообщить о проблеме с эфиром

17-ші рет өткелі жатқан «Еуразия» кинофестивалінің ұйымдастырушылары шараға дайындық жыл басынан қолға алынғанын тілге тиек етті. 15-тен астам ел қатысып, үш құрлықты қамтитын кинододаның негізгі бағдарламасы 2 бағытта өтпек. Байқауда үміткерлер Халықаралық конкурс және Орта Азия мен түркі әлемі елдерінің фильмдері бойынша бақ сынайды.

Диана Әшімова – XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің бағдарламалық директоры:

Халықаралық конкурсқа 12 картина, екінші бағыт бойынша 9 фильм көрсетіледі. Одан бөлек, байқаудан тыс туындылар да болады. Олар мерейтойлы фильмдер мен біздің классикалық шығармалардың өңделген, қысқартылған нұсқасы. Әзірге қандай ленталар екенін айтпаймыз. Тосынсый болады.

 

Фестивальде 2023-2024 жылдары таспаланған картиналар ұсынылған. Оған себеп аталмыш шараның былтыр өткізілмеуі. «Еуразия» байқауының бағдарламалық директоры Диана Әшімова «өткен жылғы туындылар назардан тыс қалмауы тиіс деп шештік»,-дейді.

Диана Әшімова – XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің бағдарламалық директоры:

Фестивальдің тағдыры сан құбылғанына қарамастан Қазақфильм киностудиясы демеушілердің көмегімен байқауды жалғастыруды қолға алғанына қуаныштымын. Сол үшін өткен жылғы да туындыларды көрсетуді ұйғардық. Бұл ең бірінші отандық өнімді, киногерлерді қолдау деп білемін.

 

Бағдарлама аясында кинопремьералар, фильм авторларымен кездесу, шеберлік сағаттары мен дөңгелек үстелдер өткізілмек. Олардың қатарында балаларға арналған «Алтын адам» және «Алдар көсе» анимациялық туындылары бар.

Әрине, арнайы көрсетілімнің бірі ол -Режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың құрметіне орай түсірілген документалды фильм.

Ал Отандық режиссер Шәріп Оразбаевтың «Тұл» драмасы мен Аруан Анартайдың «Жоқтау» картиналары бағын сынайды. Еске салсақ, «Жоқтауда» актер Ермек шынболатов бой көрсетеді.

Кәрім Қадырбаев, XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің іскерлік алаңының жетекшісі:

Мен отандық режиссер Шаріп Оразбаевтың картинасын тамашалағым келеді. Ал, «Жоқтауды» тамашалап үлгердім. Өте сәтті фильм. Тиісінше бағаланады деген үміттемін.