Ғабит Мүсірепов театрындағы «Ұлпан» қойылымын Мәскеулік режиссер сахналады!
25.09.2024
Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 79-шы маусымашар! Жазғы демалыстан кейін көрерменімен сағынысып қауышқан өнер өкілдері, көпшілік алдында қызыл кілемнен жүріп өтті.
79-шы маусым ұлы жазушы Ғабит Мүсіреповтің қаламынан туған, қазақ әдебиетінің інжу-маржан шығармасы болып табылатын «Ұлпан» қойылымымен ашылды. Ұлпанның жас кезін Рабина Белгібаева сомдаса, есейген шағын – Толқын Нұрбекова ойнап шықты.
Толқын Нұрбекова, актриса:
- «Ұлпан» деген жүгі ауыр роман ғой біз үшін себебі, бұл Мүсіреповтың шығармасы біріншіден, екіншіден «Ұлпан» анамыз жүгі ауыр енді расымен де.
27 жылдан кейін қайта сахналанған «Ұлпан» - театр ұжымы мен көрермен үшін перформансқа толы. Себебі, спекталь заманауи форматта сахналанды. Мәселен: бетперде киген, ролик тепкен кейіпкерлер, рок бағытындағы әуендер және ерекше декорация.
Қоюшы режиссер – Мәскеудегі Вахтангов театрының режиссері Гүлназ Балпеисова. Шетелден арнайы шақыртылған маманның өзгеше көзқарасына труппа алғашында қарсы болған.
Әсет Иманғалиев, актер:
- Біз басында соған біраз наразы болғанымыз рас. Өйткені «Ұлпан» қойылымын бұрмаламауға тырыстық бірақ енді бұрмалаған емес, осы заманға лайықтылауға тырыстық.
Ерден Жақсыбек, актер:
- Біздің театрға Гүлназ Балпеисова сонау Мәскеуден Вахтангов театрынан келіп арнайы қойғаннан кейін. Біраз уақыттай түсінбей жүрдік енді оны қазақпыз ғой түсінбесек те сұрай алмай, үндемей жүріп қалдық.
Толқын Нұрбекова, актриса:
- Мәскеулік мектеп, басқа мектеп, бұл романға қалай болады екен деген бір қорқыныштар болды, бірақ Гүлназ қазақ қой, ол енді Мәскеуде оқыса да шетелде оқыса да, оның қаны қазақ.
2,5 сағатқа созылатын «Ұлпан» қойылымында қазақ халқының тыныс тіршілігін сипаттайтын жер дауы, жесір дауы, әмеңгерлік, барымташылық, қыз айттыру, қалың мал беру, жарлы мен жақсының күресі тақырыптары қамтылған. Бас кейіпкер Есенейдің рөлін – Әсет Ииманғалиев сомдап шықты.
Әсет Иманғалиев, актер:
- Ұлттық нақыштан аса қатты ауып кеткен жоқ, осы заманмен сол заманды екеуін біріктіріп отырып жасалған қойылым.
Шетелдік режиссердің тағы бір идеясы – сахнада 17 ғана актердың болуы. Труппа мүшелері қойылым барысында кішкентай баладан бастап маралдың рөліне дейін өзара ауысып жүріп ойнайды. Мұндай жаңашылдық тек бастамасы, - дейді театрдың көркемдік жетекішісі Фархад Молдағали.
Фархад Молдағали, театрдың көркемдік жетекшісі:
- Біздің театрымыздың келесі жылы келіп спектакль қоятын режиссерлар олар әлемде өзінің аттары бар, Ресейден және бізідң түркі тілдес мемлекеттерден Башқұрстаннан, Татарстаннан т.б режиссерлармен бірге жұмыс жасайтын боламыз. Біздің театр үшін жаңа белес деп білемін.