«Енді бізді балалар да тамашалайды»,- дейді Байғали Серкебаев. «А-студио» Youtube-тағы танымал «D Billion» ұжымымен бірлесіп «Smile» композициясын ұсынды. Серкебаевтың өзі бұл коллабты асыға күткенін жасырмады.
Байғали Серкебаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Бұл сингл Қырғызстандық талантты достарымызбен бірлесіп жасалды. Олардың ютуб каналы өзгеше әрі маған бұрыннан ұнайды. Коллаб сәтті шықты деп ойлаймын.
Қос ұжымға шығармашылық шабыт сыйлаған «Smile» синлгы 20-шы қыркүйек күні «D Billions» Ютуб каналында жарық көрмек.
Еске салсақ, топ шығармашылығы аздап кідіріс алған-ды. Онысын ұжым жетекшісі былай түсіндірді.
Байғали Серкебаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
– Топ Кэтидің декреттік демалысына байланысты үзілісте. Ол босанып алды, жақында жұмысқа кіріседі. Қазір жаңа әндер жаза бастадық. Таяуда концерттер мен гастрольдерге шығамыз.
Бұдан бөлек, Серкебаевтың кино және музыкалық продюсер атанғаны тағы бар. «А-студио» сол себепті де басты назарда болмағанын музыкант мойындап отыр.
Байғали Серкебаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Қазақстандық Ерназар Жұбанның музыкалық продюсерімін. Бірге Славян базары конкурсына қатысып, 1 орынды жеңіп қайттық. Ерназар өте талантты жігіт, Джулия мюзиклінің артисті, ансамбль құрамында өнер көрсетеді.
Джулия демекші, көрермен ықыласына бөленген мюзикл да қайта жаңғырмақ.
Байғали Серкебаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Джулияның театрланған қойылымын Алматыда 80 рет қойдық, ал Елорадалықтар 20 рет концерт тамашалады. Өз көрерменін тапты. Сондықтан, жылдың соңына дейін Джулия сахнаға қайта оралады.
Музыкант мұнымен тоқтамақ емес. «А-студионың» тыңдармандарын жаңа коллабтар мен релиздер күтуде.
Байғали Серкебаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
«The Jigits» тобымен сингл дайын. Қазақстанда дарынды жастар көп. Соңғы жылда олар әлдеқайда көш ілгері. Барлығының өнерін бақылап отырамын. Нью скул өкілдерімен ортақ дүние жазуға құштармын. Сондықтан алда жұмыс, жоспар көп.