Жаңа лауазымға жайғасқаннан кейін Алматыға оралған Артур, әуежайдан түсе сала арнамызға сұқбат берді. «Үлкен жауапкершілік. Шаруа көп. Уайым да жоқ емес. Менің басты міндетім: футболдың популизациясы және бұл спортқа қызықпайтын адамның өзін, барлық жаңалықтардан хабардар етіп отыру,-дейді.
– Лиганың бас кеңсесі Астанада ғой. Елордаға көшу ойда бар шығар?
Артур Асқарұлы, Қазақстан футбол лигасының креативті директоры:
– Менің анам, бауырларым Астанада тұрады ғой. Екі қаланың ортасында жиі жүремін. Бұдан былай тіпті көбірек барып тұрамын десем де болады. Бейресми ақпаратпен бөлісейін, лиганың тағы бір филиалы Алматыда да ашылуы мүмкін. Әзірге жоспарда тұр.
– Футболға деген махаббатыңызды білеміз. Ерекше, айырықша. Бұл спортқа қызығушылығыңызды оятқан кім?
Артур Асқарұлы, Қазақстан футбол лигасының креативті директоры:
– Бір қызығы футболға махаббатымды әкем емес, анам ашты. Қателеспесем, 4-5 жастамын, теледидардан футбол жүріп жатты. Мен анамнан: бұл не дегенде ойынды түсіндіріп берді. Франция құрамасы, бұл Зинедин Зидан,-деді. Кейін 2007 жылы Қазақстан-Португалия матчына бардым. Онда Самат Смақов пен Криштиану Роналду ойнады.
– Сол матчтан суретіңіз бар ма?
– Жоқ, ол кезде тек фотоаппараттар еді. Ағаммен барғанмын. Кішкентаймын ғой. Суретке түспеппіз.
Танымалдардың артынан әртүрлі сөз еретіні анық. Артур Асқарұлын «Непобэейби» тізіміне жатқызып: «жетістігінің бәрі анасы Гүлмира Дайрабайдың арқасы»,-дейтіндер бар. Бірақ блогердің өзі бұл пікірмен келіспейді.
– Ел арасында алып-қашпа әңгіме бар: Артурдың жеңісінің, жетістігінің артында Гүлмира Дайрабай тұр,-деген. Бұл жауыр болған тақырып қой негізі иә?
Артур Асқарұлы, Қазақстан футбол лигасының креативті директоры:
– Менің жетістіктеріме анамның қандай қатысы болуы мүмкін екенін білмеймін. Байланыс тек қанымыздың, генымыздың ұқсастығында шығар. Одан бөлек, маған анамның дикциясы, дауысы, харизмасы берілгені рас. Өйткені мен журналистиканы оқымағанмын. Актерлық шеберлік сабақтарын өтпегенмін.
«Қазақстан Ұлттық футбол құрамасы» бір кездері осы спорт түрін дамыту, таныту мақсатында: Мейрамбек Бесбаев, Ерке Есмахан, Нұрлан Қоянбаев сынды атақтыларды амбассадор етті. Әрі федерация өздерімен бірге әртістерді шетелдерге алып жүрді. Артур креативті продюсер ретінде қазір бұл тенденцияның күшін жойғанын айтады.
– Олардың функциясы, функцияналы не болды? Соны біз түсінген жоқпыз.
Артур Асқарұлы, Қазақстан футбол лигасының креативті директоры:
– Шыныменде, мен де түсінген жоқпын. Ол мен болмаған кезде. Қателеспесем, 2018-2019 жылдар. Көбі менің достарым, әртістер, блогерлер дегендей. Басты мақсат: футболға танымал адамдар арқылы жанкүйер тарту еді. Бірақ қазір амбассадорлар жоқ. Матчтарға тек құраманың өзі, коментатор, ары кетсе бір журналист және медиа-офицерлер мен дәрігерлер ғана барады. Өйткені біздің футбол өз көрерменін тапты деп ойлаймын.