Келер жылы 50 жасқа толатын Сәкен Майғазиев қазірден мерейтойының қамына кіріскен. Өнер иесі төл мерекесін көрерменмен бірге атап өтпек ниетте. Ол үшін әнші ауқымды шоу жасап, ең қымбат режиссерды жалдамақ.
Сәкен Майғазиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Андрей Хван деген керемет режиссер бар, әлемдік деңгейде шоуларды жасап жүрген. Сол Андрей Хванға ұсыныс айттым мен әлі де Алла қаласа 50 жасымды жасағым келеді деп. Бірақ енді аузын арандай ашып отыр режиссерым. Бірақ көреміз енді. Шығармашылық үшін, халықтың құлағының құрышын қандарып көзін қуанту үшін мен бар ақшаны аямаймын.
Еске салсақ, Андрей Хван бұған дейін «МузАРТ» тобымен талай жұмыс істеген. Кәсіби маманның қызметі үшін Сәкен Майғазиев қымбат маркалы автокөлігін де құрбан етуге әзір.
Сәкен Майғазиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- 2018 жылы астымдағы ең қымбат көлігімді сатамын деп шешкен болатынмын. Ең бастысы концерттерім керемет өту керек деп. 2018-ді айтып жатырмын ғой, мен енді осы 50 жасқа дейін не бітірдім. Кішігірім есеп беру концерт жаңа тәлімгерлігім бар, ұстаздығым бар, смат деген өнер мектебі бар, кіммен дуэт шырқадым. Мейрамбек домбыра үйретсе домбырамен деп ән айтып қалуым мүмкін осы 50 жасымда.
Жоспарланған шоуда әсем әннен бөлек, түрлі би қойылымдары да болмақ. Сол үшін Сәкен мырзаға формада болу аса маңызды. Бүгінде ол спортпен шұғылданып, боксқа да ден қойған.
Сәкен Майғазиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Біреулер қытығыма тиіп жүр. Біреулер таяқ жегісі келіп жүр. Соларды ұрсам ба деп ойлап жүрмін. Айтпаймын атын. Алға қарай құлаған кезде білесіздер.
Қысқасы, Сәкен Майғазиевтың жоспарлары бұл күндері тығыз кестеге тізілген. Мәселен, «МузАРТ» тобының гастрольдік сапары тағы бар. Ұжым Қазақстанды аралып, есеп беру концертін өткізіп жүр. Еске салсақ, келер жылы әйгілі ансамбльге 25 жыл!
Сәкен Майғазиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Ақпанның 25-сінен бастап, наурыздың 25-сіне дейін Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап «МузАРТ» тобымен есеп беру концертін бергелі жатырмыз. Мерекелік концерт деп айтайықшы.