Сымбат Сағындық, @symbat_sagyndyk
– Рамазан Амантай айтқан бір ғана өтірік, оның өмірін күрт өзгертіп жіберді. Ірі кәсіпкер, ресторатор оның сөзіне сеніп, ауқымды жоба ұсынған. Бірақ актердың бизнестен білгені аз. Енді Рамазан қолымен істегенін мойнымен көтеруге дайын ба?
Бұл түсірілімі бүгін басталған «Мясо по-казахски» немесе «Бешбармақ» киносының концепциясы. Мұнда Рамазан Амантай «Дәулет» атты ауыл жігітін ойнайды. Жол жиегіндегі кафеде жұмыс істейтін ол, бай кәсіпкерге «Өзімнің пісіргенім»,-деп, әжесінің етін ұсынады. Оқиға осылай өрбиді.
– Кейіпкеріңнің аты – Дәулет. Аспазсың. Толығырақ тоқталсақ?
Рамазан Амантай, актер:
– Дәулет кішкене Еркош образына ұқсайтын сияқты. Сосын менің бір қызық әдетім бар екен. Образым қандай, площадкада сөйтіп жүреді екенмін. Мысалы мен алдыңғы түсірілім алаңында мүлдем басқа болғам ғой. Ал қазір басылып қалғам ше анандай. Кім қал десе қалам, бар десе барам. Же десе жеймін, жеме десе жемеймін.
Рамазан Амантай қазіргі таңда сұраныстағы актерлардың бірі. Оны өзі де мойындайды. «Әр картинадағы образдарым бір біріне ұқсамауы үшін, көп ізденемін»,-деген ол осы жобадан кейін де, тағы бір үлкен толықметрдің түсіріліміне аттанатынын айтады.
– Соңғы кезде көптеген ленталардың басты рөлінен өзіңді көреміз.
Рамазан Амантай, актер:
– Сені ай сайын көретініме қуанамын. Әр 15 күн сайын Сымбатты көремін.
– Әр 15 күн сайын жаңа толықметрлердің түсірілім алаңында Рамазанмен жолығамыз. Жалпы саған деген сұраныстың жоғары болуын немен түсіндіресің?
– Білмеймін. Құдайдың бергені ғой. Ал былай күшті ойнап жатырмын деп айта алмаймын.
«Пацанская история» толықметрінен кейін Роза Мұқатаеваға да сұраныс артқан. Актриса бұл туындыда басты рөлде ойнайды. Жобаға бірден қабылдандым,-дейді ол.
– Шақырту қалай түсті? Немесе кастингтен өттіңіз ба?
Роза Мұқатаева, актриса, әнші:
– Кастинг та болды. Рамазан екеуіміз кездестік. Ойнадық та. Кейін видеоға түсірдік та, сол кеште ма, келесі күні ма: «Роза болды. Сен ойнайсың»,-деді.
– Кейіпкеріңізге тоқталсақ. Аты кім? Қандай қыз? Мінезі қандай?
– Аты – Назгүл. Өте сондай қарапайым, сүйкімді, сыпайы қыз. Өте ақылды. Бірақ көп күле береді екен. Съемкадан кейін езуім ауырады. Ол читка кезінде де ауырған. Қазір съемка кезінде әбден.
Туындыға Бейбіт Өнер режиссерлік етеді. Ол НТК-дағы «Жұмбақ қыз», «Внуки в ауле» сияқты телехикаяларды түсірген. Бейбіт: «Бұны кезекті комедия деп қабылдамауларыңызды өтінемін. Себебі айтары бар лента»,-дейді.
– Менің жанымда бүгінгі толықметрдің қоюшы-режиссеры – Бейбіт Өнер. Жалпы туындының концепциясы туралы айтып беріңізші?
Бейбіт Өнер, режиссер:
- Фильмнің жұмыс атауы «Бешбармақ». Толықметрдің тақырыбы әлі өзгеруі мүмкін. Бірақ бір қызығы кино тек тамақ туралы емес. Онда қазақи құндылықтар дәріптеледі. Ауыл, тәрбие, отбасы, киіз үй, шапан, сәукеле дегендей. Актерларды арнайы таңдап алдық. Кастинг болмады. Прокатқа қазан айында шықсақ па деп отырмыз.
Сымбат Сағындық, @symbat_sagyndyk
– «Мясо по казахски» немесе жәй ғана «Бешбармақ» толықметрі биылдан қалмай үлкен экрандарға жол тартады. Айтары бар комедия көрермен көңілінен шыға ма? Уақыт еншісінде.