Қазақстандағы ең ұзақ ситком ретінде рекорд орнатқан «Патруль» сериалын, поляктар 2021 жылы сатып алған болатын. Дәл сол жылы қыркүйек айында түсірілімге кірісті. Бүгінгі таңда үш бірдей маусымды таспалап, пост-продакшн жұмыстарын бітірген.
Польшалықтардың көзі түскен «Патруль» сериалы, бастапқыда инста үшін түсірілген скетч еді. Кейін келе жұрттың қызығушылығы артты,-дейді жоба продюсері – Ақылбек Досжанов.
Ақылбек Досжанов, жоба продюсері:
– Ең бірінші негізі ол скеч болатын. Жәй скетч. Ол кезде инстаграмның енді шығып жатқан кезі. Жігіттер инстаграмға бірнәрсе түсірейікші деп, идея шықты бір қатігез полицей рөлін ойнап, содан бір скеч жасайықшы деп ұсыныс келді.
Франшизаны сатып алған поляктар, біздегі сахналарды да өз менталитеттеріне сай ыңғайлап көшірген. Біздегі Берік пен Серіктің келеңсіз оқиғалары да ол жақта қайталанады. Жоба сәтті болады деп күтпедік,-дейді отандық авторлар.
Рүстем Омаров, актер, жоба авторы:
– Идея авторы, сценарий авторы ретінде туындыны Польша көрермені көреді деп ойламағанымыз анық. Демек, біз дұрыс бағытта жұмыс істеп келе жатырмыз.
Еске салсақ, «Патруль» сериалына қызығушылық танытқан «Polot media» Польшаның алдыңғы қатардағы продакшыны саналады.