НТК-ның ютуб арнасында бүгіннен бастап әр апта сайын «Өзге» атты жаңа музыкалық жоба жарық көреді! Өзгенің басты ерекшелігі жас өнерпаздар ескі әндерді заманауиландырып, жанды дауыста орындайды.
Мәселен, Мәди Рымбаев Үркер тобының 20 жыл бұрын шыққан «Жаным» трегіне жаңа дем берген. Әрине, туынды авторының рұқсатымен.
Машур Баспақов, жоба продюсері:
- Бұл жобаны іске асыру бұрыннан ойда болатын. Көздегеніміз - ескі қазақстандық хиттерге жаңа дем беру. Жалпы, «OZGE» бірінші сезоны 6 бөлімнен тұрады. Жаңа оранжировка, жаңа дыбыс, жаңа әуен, жас әншілер. Көрерменге ұнайды деген ниеттеміз.
«Өзге»-нің қатысушылары – елімізге танымал талантты жас музыканттар. Олардың қатарында Kyle Ruh атымен әйгілі, Ерік Төленов те бар. Ол Рахат Тұрлыхановтың «Жүрек үні» әнін тыңдарманға ұсынады. 2000 жылдардың бас кезінде шыққан хит трек, талайлардың балалық шағы мен студенттік кезінің тәтті естелігіне айналған-ды.
Kyle Ruh, әнші:
- Біріншіден бұл жерде үлкен жұмыс болып жатыр. Яғни, съемка бірақ та жанды дауыста съемка түсіріліп жатыр. Ондай біздің Қазақстанда мүмкін емес. 2-3 команда бар, оны істеп жатқан. «НТК» сондай бастау алып жатқаны бізді өте қуантады. Оны жасау оңай емес, ол жерде үлкен еңбек жатыр.
Алғашқы вальс, сезім, ностальгия! Кью-поп ханшайымы Зируза жобада Мюзиколланың «Сен мұңыңды бер маған» әнін орындайды. 20 жыл бұрын шыққан әуенді Зируза өзінің стиліне сай өзгерткен соң, бұл туынды қайта хит болатынына сенімді.
Ziruza, әнші:
- Ән деген өте-өте әдемі бірінішіден. Екіншіден, үлкен жауапкершілік. Осы әнді айту мен үшін және де үлкен құрмет десе де болады. Сол үшін маған осындай ұсыныс айтқаннан кейін бірден «Иә, иә, әрине!», - дедім. Өзіме де жаныма жақын дүние, сол үшін неге осы әнге жаңа дем бермеске деп ойладым.
Атыраулық жас әнші Jeltoksan қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың «Биіктік» әнін орындамақ. Композицияға жаңа дем беру үшін өнерпаз автордың ұлы мен қор басшысынан рұқсат алыпты.
«Туынды түпнұсқадан аз-кем өзгерсе де, тыңдарман туған жеріне деген ыстық сағынышын дәл бұрыңғыдай еске алады», - дейді Бексұлтан Бақытжан.
Jeltoksan, әнші:
- Аранжировкасы жағынан бард ән болғандықтан кішкене ескі мақамда да енді, соны жаңартып, жаңа буынға берсем деген ой. Жалпы оның баласымен де, фондпен, Табылды Досымовтың фондымен сөйлестік. Жалпы бәрі де қолдап рұқсатын берді. Ең бастысы, сол манағы әнді жаңарту мақсаты. Маған беру жөнінен енді өзіме опыт. Музыканттармен танысып жұмыс жасап дегендей. Сосын жаңа форматта өзімді көру.
Сондай-ақ, «Өзгенің» сахнасында Молданазардың қос шәкірті өнер көрсетеді. Орынхан «Аяулым», Әли «Сағындым сені» әніне жаңа дем берген. Әр бейсенбі сайын сағат 19:00-де «NTK TV» ютуб каналынан «Өзгені» жіберіп алмаңыздар!