Жаңа жылдан бастап, НТК көрерменінің назарына жедел жәрдем дәрігерлерінің өмірінен сыр шертетін «103» сериалы ұсынылмақ.
Басты рөлдердің бірін Әбунасыр Серіков сомдайды. «Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі образын, сценаристер маған арнап жазды», - дейді ол. Импровизацияға жиі жүгінетін актер, телехикаяны толыққанды көруге кеңес береді және Серіков актерлық құрам мен режиссер көңілінен шыққанын айтады.
Әбунасыр Серіков, актер:
– Олар сол сценарийді жазған кезде, маған арнап жазған. Халық ертең көреді, қазір бәрін айтып қойсақ қызық болмай қалады. Дұрыс па? Мен бірінші рет жұмыс жасап жатырмын. Киноларын көрдім. Жас біздің режиссерымыз. Тәйтәй басып келе жатқан, жобаларын көрдім, керемет.
Бұған дейін талай жобаларға мұрындық болып жүрген режиссер Олжас Нұрбайға бұл ситком қатты ұнапты. «Түсірілім алаңында ешқандай қиындық болмады», - дейді ол.
Олжас Нұрбай, актер:
– Негізінен бірден деп айтуға болады. Себебі сценарий дайын болғанда, сценарий қызық болғанда актерлар тез таңдалады. Бұл жерде бір мәселе, актерлар бос болса болды. Сол ғана қиын, қалған жағын шешуге болады. Әрине гонорар жағы әсіресе.
Бұл пікірмен актриса Бибігүл Ақтан да келісетінін айтады. Сценарийды оқығаннан, Бибігүлдің бұл жобаға деген құлшынысы артыпты.
Бибігүл Ақтан, актриса:
–Бұл өте жеңіл, көңілді ситком. Менің кейіпкерімнің аты – Мадина. Ол өте аңғал, мейірімді, қарапайым жедел жәрдем дәрігері. Сериал бойы маған тиісетін Арман атты фельдшер болады. Ол біресе арықсың, біресе семізсің, көріксізсің деп тиісумен болады. Бірақ соңында оның маған ғашық екенін білеміз.
Бибігүлдің кейіпкеріне тиісе беретін фельдшер «Арманды» Рүстем Омаров сомдайды. Идея авторы және сценарист Рүстем: «Бұл ең сәтті жобаларымның бірі болмақ», дейді.
Рүстем Омаров, актер:
Үстімдегі киімім айтып тұрғандай, телехикая жедел жәрдем жайлы. Біз бұл жерде олардың кішігірім айлықтарын, жасалмаған жағдайларын, көріп жатқан қиындықтарын әзілмен араластырып көрсетеміз. Әсіресе бас дәрігерлер мен олардың орынбасарларын қалжыңмен қатты қағытатын боламыз.
Бұған дейін түрлі телехикаялармен толықметрлерде эпизодтарға түсіп жүрген Ілияс Көпжасаровтың бұл алғашқы ірі рөлдерінің бірі. «Фельдшер, дәрігер достарымнан ненің, қалай екенін сұрап алдым», - дейді ол.
Ілияс Көпжасаров, актер:
– Иә, басты рөлдердің бірін сомдаймын. Оқуды жаңа бітірген, әділдікті көздейтін, өзіне сәл сенімсіз жас дәрігермін және сценарий бойынша басым бос емес, әйелімнің айтқанынан шыға алмаймын.
«103» сериалы НТК көрерменінің назарына 18 қаңтардан бастап, дүйсенбі-бейсенбі аралығында ұсынылмақ.