Billboard Women in Music «Жыл әйелін» анықтады!

Сообщить о проблеме с эфиром

«COVID-19» шығармашылығыма кері әсерін тигізді», - десе де, Cardi B «Жыл әйелі» атанып отыр. Себебі, қиын кезеңге қарамастан, адуынды рэпердің әр трегі хитке айналды. Одан бөлек, бикеш бұл жылы Reebok-пен бірлесе жеке коллекциясын ұсынып, АҚШ-тың саяси өміріне белсене араласқаны белгілі.

Cardi B, рэп орындаушы:

- Бұл жыл музыка индустриясы үшін де ауыр болды. Себебі, өнер адамдарында шектеу болса, барлық жұмысымыз тоқтап қалады. Көптеген жобам мен тың туындыларым уақытында шықпай қалды. Өзімнің әріптесім Megan Thee Stallion-мен ұсынған «WAP» трегінің арқасында бүгін орталарыңыздамын.

Ал «Billboard Women in Music» шарасының шымылдығын Дуа Липа түрген-ді. Британдық әнші кеште «Boys Will Be Boys» әнін орындап қана қоймай, тректері радио арқылы ең көп тыңдалғаны үшін «Powerhouse Award» мүсіншесін қолтықтап қайтты.

Дуа Липа, әнші:

- Шынымды айтсам, үйде болсын, жолда болсын менің әндерімді сүйіп тыңдаған жандарға алғысым шексіз. Сіздер маған күш бересіздер. «Billboard» ұжымына мың алғыс.

Аталмыш шарада Дженнифер Лопес та назарсыз қалмады! Әйгілі әнші «жыл бейнесі» атанған-ды.

Дженнифер Лопес, әнші:

- Көп рахмет, Billboard Women in Music! Музыканың ерек құдыреті бар екенін айтқым келеді. Себебі, биыл вируспен күрескенде, музыка бәрімізді біріктіріп, әрқайсымызға шипа бола білгендей.

Онлайн кеште «Жыл жаңалығы» номинациясы да өз иесіне табысталды. Бұл аталым бойынша «Chloe x Halle» дуэты топ жарды. Еске салсақ, жас әпкелі-сіңілі өнерпаздар былтыр Грэмми марапатына үміткер атанған болатын.