Ким Кардашьян өзінің суреттеріне фотошоп қолданатынын мойындап, көпті таңқалдырды! Атышулы сәнбике тіпті бұл істі кәсіби мамандарға сеніп тапсыратын айтты.
Әлемге әйгілі Кардашьян әулетінің сылқымын әлеуметтік желіде 170 млн-нан астам оқырман бақылап отырады. Әр постында мінсіз көрінетін Ким, осы күнге дейін сұлулығының сырын бүгіп келген еді.
Ким Кардашьян, сәнбике:
- Денеңдегі немесе бетіңдегі артық нәрселерді неге алып тастамасқа. Себебі мүмкіндіктер өте көп. Мен көпшіліктің көз алдында жүргеннен кейін, мінсіз көріну менің міндетім деп білемін.
Бір қызығы Ким Кардашьянның суреттерін өңдеу үшін арнайы мамандар сағаттап уақыт кетіреді. Онымен қоса сәнбикенің жанында әрдайым жеке фотографы жүреді екен.
Ким Кардашьян, сәнбике:
- Сіздер байқасаңыздар мен телефонымды да көмекшілеріме беріп қоямын. Олар маған селфи жасауға да көмектеседі. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын.
Алайда, ағынан ақтарылып, мойындамаса да Кимнің фотошопқа әуес екенін фанаттары талай уақыттан бері байқаған-ды. Тіпті Канье Уэсттің асыл жары бұл әрекетімен шектен тыс шығып кеткен кездері де болған. Сәнбикенің басты мақсаты – мейлі суретте болсын, қалай да жас көріну.