Карантин кезі де, аяғының ауырлығы да Луинаның шығармашылығына тұсау болмақ емес! Өмірінің маңызды сәті мәңгі есте қалсын деді ме, айы-күні жақындаған ару кезекті бейнебаян ұсынды. Еске салсақ, жүкті кезінде клипке түскен ол алғаш рет ана атанбақ!
«Дүниедегі ең сұлу әйел - жүкті әйел». Бұл Луинаның жаңа бейнебаянын тамашалаған көрерменнің пікірі. Ал ана атануға дайындалып жүрген өнер иесі бұл бейнебаянда да өзіне тән стилін жоғалтпаған.
Туындыны таспалауды әнші бұл жолы кәсіби режиссерға емес, фотограф Айдын Ахметке сеніп тапсырған. Еске салсақ, бұл оның бейнебаян түсірудегі тұңғыш тәжірбиесі. Клип көптің көңілінен шықса да, өнерпаздың жанкүйерлері арасынан сылқым үшін алаңдағандар да табылды. Луинаның көңілсіз ән орындауы тыңдарманның көңіліне күдік ұялатса керек.
Луина сынды, күні кеше Кэти Перри де жүктілігіне қарамастан клип ұсынып, көпті таңқалтқан еді. Су жаңа «Daisies» атты бейнебаянында аяғы ауыр әнші, табиғат аясында шешініп, суға түседі. Кэтидің жанкүйерлері айы-күні жақындаған орындаушыдан мұндай батыл қадам күтпегені анық.
Карантинде Тимати де қол қусырып жатпақ емес. Рэпер тұңғыш рет испан тілінде ән шырқады. «Локо» деп аталатын туынды аз уақыттың ішінде тыңдарман көңілінен шығып үлгерді. Түнгі қала, қымбат автокөліктер. Барлығы бәз-баяғыдай Тимати стилінде. Ал клип режиссеры – отандасымыз Абылай Қайыржанов.