Елімізде жарты жүрегін жетелеген нәзік жандылар мен ерлер саны күн санап артып барады. Әсіресе ұзаққа созылған карантин олардың бірігуіне кедергісін келтіріп жатқандай. Бірақ НТК арнасы әзірлеген жаңа жоба бұл олқылықтың орнын толтырады. Енді «Бір болайық» бағдарламасы жұпсыз жандарды қосатын шынайы махаббат алаңына айналады! Толығырақ келесі сюжетте.
НТК арнасы «Бір болайық» бағдарламасының жалғасын ерекше етіп, көрермен назарына ұсынады! Енді жоба махаббат пен қайырымдылықты қатар дәріптемек. Әр шығарылымда әлеуметтік жағдайы төмен жанұя көмекке ие болады. Мәселен реалити-шоу эфирге жол тартқан екі аптаның ішінде 40-қа жуық отбасы карантинде керекті азық-түлік алған екен.
Анна Данченко, тележүргізуші:
– Енді карантин кезінде бағдарламаның форматы сәл өзгерген болатын. Өйткені өздеріңіз білесіздер, карантин кезінде қиын жағдайға тап болған отбасылар өте көп болды. Сондықтан сол отбасыларға көмек көрсету мақсатында бағдарламаның аты да, форматы да өзгерген болатын. Және осы екі аптаның ішінде біз волонтерлармен бірге 40-қа жуық отбасыға көмек көрсеттік.
Жасалған жақсылықтан бөлек, бағдарлама студиясы әдетінен жаңылмай, жастар жүрегін табыстыратын шынайы махаббат алаңына айналады. Карантинде таныстықтары тоқтап қалған қатысушылар, енді қайтадан жұптарын іздеуді жалғастырады.
Анна Данченко, тележүргізуші:
– Ал енді қазір карантинді жеңілдетуге байланысты қатысушыларды да қайтадан эфирге шақыру, студияға шақыру мүмкіндігі туды. Сондықтан бүгіннен бастап қатысушылармен бірге халықтың сүйікті бағдарламасы қайтадан жол тартпақ.
«Бір болайық» бағдарламасының негізі мақсаты еліміздегі жалғысбасты әйелдер мен ерлердің тіл табысып, жұп құрып, жанұя атануына негіз болу және қазіргі таңда елімізде карантин кесірін көріп отырған отбасыларға қайырымдылық қолын созу.