Карантиннің қашан бітері белгісіз. Үйқамақта отырғандар екі ай бойы толықметрлі фильмдерді де, телехикаяларды да тауысқаны сөзсіз.
Есесіне, киногерлер жарық көруі тиіс туындылардың су жаңа трейлерін ұсынып жатыр!
Желіде шытырман оқиғаларға толы «Водоворот» мини-сериалының тизері шықты. Телехикаяда құпия кісі өлімдері мен азғырушы тылсым күштердің кесірі жайлы баяндалады. Қала сыртынан бір топ жасөспірімдердің денесін тапқан полицейлер, бұл адам қолымен жасалған қылмыс емес екенін түсінеді. Картинаның тұсаукесері 25 маусымға жоспарланып отыр.
Ал Уэс Андерсонның "Французский диспетчер" картинасы мамыр айында прокатқа шығуы керек еді. Бірақ жаһандағы жағдай жұрт асыға күткен киноны кейінге шегертті. Аталмыш туында танымал Тимоти Шаламе, Сирша Ронан, Тильда Суинтон, Леа Сейду, Эдвард Нортон бой көрсеткен. Енді фильмнің тұсаукесері 16 қазанда жарық көрмек.
«Marvel» фанаттары киностудия таспалаған барлық фильмдерді біріктіріп, музыкамен әспеттелген, 2 минуттық, динамикаға толы ролик дайындады. Видео барысында барлық батырлар бірігіп, бір біріне көмек қолын созып жатқандай әсер қалдырады. Сюжетке көз жүгірте отырып «11 жылда жарыққа шыққан 23 картинаны қалай санаулы минуттарға сыйдырды?», - деген сауал санаға еріксіз оралады.