Елдегі төтенше жағдайға қарамастан Отандық шоу-бизнес өкілдері дарынды сазгер, әнші Батырхан Шүкеновты еске алу кешін ұйымдастырды. Аталмыш онлайн концертте: Роза Рымбаева, Жанар Дұғалова, Сырымтай Еңсепов, Әли Оқапов сынды әншілер Батырдың хиттарын орындады. Толығырақ келесі сюжетте.
«Жақсының аты өлмейді» деген осы болса керек. Төтенше жағдайда ел еңсесін тіктеу үшін, күні кеше Батырхан Шүкеновты еске алу кеші онлайн өтті. Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақтелеком» Акционерлік Қоғамы бірлесіп қолға алған жобаны бүгінде 60 мыңнан астам адам тамашалап үлгерген.
Өз сұқбатында сазгердің анасы ұлын қатты сағынғанын айтып, көп көңілін босатты. Диляра ханым карантин аяқталған соң Батырханға арнап түрлі шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр екен.
Диляра Шүкенова, Батырханның анасы:
– Мінекей биыл осы Батырханның қайтқанына бес жыл толды. Ертең осының бәрі біткеннен кейін балалардың барлық қуаныштарын алдымызға қоярмыз. Істейтін жоспарларымыздың бәрін жалғастырамыз деп отырмыз. Батырханның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Балама істеген жақсылықтарың еш уақытта ұмытылмасын.
Қазақстан және Ресей эстрада әншісі, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «А’Студио» тобының негізін қалаушы... Батырдың бағындырған белестері аз емес. Десе де, оның музыка әлемінде кәсібилігінен бөлек адамгершілігі бір төбе дейді көзін көргендер.
Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі:
– Қазір Батырхан бізбен бірге. Біздің барлығымыздың төбемізден қарап тұр деп ойлаймын. Бүгін барлығымыз Батырханмен бірге боламыз. Батырханның әндерін шырқаймыз. Батырханды еске түсіреміз.
Батырдың өнердегі алғашқы қадамынан бері жанында бірге жүрген жолдасы Сағынай Абдуллин досын әлі күнге дейін түсінде көретінін айтады. «Туған бауырымдай болып кеткен оны қаншалықты сағынғанымды сіздер білмейсіздер ғой», - дейді сазгер.
Сағынай Абдуллин, сазгер:
- Бүгінгі көктемнің күні жарқырап, жып-жылы болып Батырханды еске салып тұр. Жарықтық қашанда күліп, көңілді жүретін адам еді. Арамыздан қыл өтпейтін дос болдық, мен оны өз інімдей көретінмін.
Ал Сырым Еңсепов Шүкеновтың «Твои шаги» әнін шырқай бастағанда студияға автордың өзі кіріп келгендей болды. Дауысы талантты композиторға қатты ұқсайтынын көрермендер жарыса жазып жатыр.