Миржан Жидебай ресейлік «Голос дети» байқауының ақтық мәресіне өтті!

Сообщить о проблеме с эфиром

«Қазақстан – таланттарды тудыратын зауыт дерсің!» бұл шет елдегі байқау ұйымдастырушыларының сөзі. Иә, қай жарысқа барса да топ жаратын Отандастарымыз көбеюде. Мәселен, Ресейдегі «Голос дети» сайысында ақтық мәреге өткен Миржан Жидебай жайлы не білесіз? Толығырақ алдағы бейнематериалда.

Тағы бір Отандасымыз Ресейлік «Голос дети» байқауында топ жарып, ақтық мәреге жолдама алды! Миржан Жидебай – Димаш Құдайбергеннің жерлесі, Ақтөбе қаласының тумасы болып шықты. Шет елдік шоудың кезекті турынан cүрінбей өткен ол, Полина Гагаринаның тобында өнер көрсетуде. Жас дарын бұл жобаға ұзақ дайындалғанын айтады.

Миржан Жидебай, әнші:

– Бұл жобаға қатысу идеясы, менің бір жылдан бері ойлап келе жатқан мақсатым. Бұл әлемдік деңгейдегі сайыс болғандықтан, өте қатты дайындықты қажет етеді. Сондықтан мен бұл сайысқа өте көп уақыт дайындалдым.

Айта кетейік, 14 жастағы Мейіржан Жидебай бұған дейін "Junior Eurovision Qazaqstan" музыкалық жобасының финалисті, сондай-ақ, "Baqytty bala" конкурсының бірінші дәрежедегі лауреаты атанған екен. Сондықтан жас дарын бұл байқауда да аса бір қобалжи қоймағанын айтады. Керісінше, өзін жігерлендіріп, қамшылай түсіпті.

Миржан Жидебай, әнші:

– Ақтық мәреге деген сенім болды. Өйткені әрбір іс бастайтынның алдында адамда өзіне деген сенімділік болуы қажет. Бірақ қорқыныш та болды. Өйткені бүкіл қатысушылар керемет, өзінің ерекше жанрлары бар. Бірақ мен барынша өзіме мықты болып, келесі сайысқа өтуім керек деген мақсатпен қатыстым.

Миржанның ресейлік жобадағы барлық шығындарын туған-туыстары мен ата-анасы көтеріп жатыр екен. «Бәрі қалтамыздан шығып жатқандықтан, жауапкершілік жүгі де екі есе ауыр» дейді ол.

Миржан Жидебай, әнші:

– Жалпы маған қаржылай көмек беріп жатқан менің ата-анам және жақын тума-туыстарым. Ол кісілерге өте қатты алғысымды білдіремін. Осы жобаға қатысамын дегеннен маған өте қатты қолдау көрсеткендеріне.

Жас дарын жаһандағы жағдайды да қаперінен шығармай, сақтық шараларын ескеріп жүргенін айтады. Және отандастарына да сондай үндеу тастауды ұмытпады.

Миржан Жидебай, әнші:

– Карантин ережелерін барынша сақтанып жүрмін. Маска киіп, гигиенаны ұстанып жүрмін. Сіздерге де осыны ұсынғым келеді. Елбасы айтқандай «үйде болайық» сол кезде ғана біз бұл кедергіні жеңіп шығамыз!