Сахнаны саясатқа айырбастап жатқан әртістер кімдер?

Сообщить о проблеме с эфиром

Бүгінде сахнаны саясатқа айырбастап жатқан әртістердің қатары көп. Микрофонды мінберге алмастырғысы келетін әншілердің ішінде – Алтынай Жорабаева да бар. 2017 жылы «НұрОтан» партиясы құрамына қабылданған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері өткен жылы желтоқсанда «Саяси кеңес құрамының, мәдениет саласына» бекітілгенді. Әзірге орындаушыға бұдан да жоғары лауазым ұсыныла қоймапты.

Алтынай Жорабаева, әнші:

– Егер ұсыныс түсіп жатса, оған білмеймін, баруға болады деп ойлаймын. Енді қашанғы сахнада жүреміз мысалы. Қырықтан астық қазірдің өзінде, иә... Аяқтың өзін аңдып басатын уақыт. Бала-шаға өсіп келе жатыр.

Ал қашанда ойын ашық білдіретін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Меруерт Түсіпбаева болса «маған мінберден де, саясаттан да орын табылмайды. Әнімді айтып жүре берейін» деп қысқа қайырды.

Меруерт Түсіпбаева, әнші:

– Саясатты мен сияқты адамдар дәл қазіргі уақытта керек емес. Мен сияқты тік мінезді адамдарды саясат жек көреді, қабылдамайды. Өйткені мен оларға бір қарсы пікір айтуым мүмкін. Сондықтан қазіргі уақытта... Егер мен Ресейде тусам, Ресейде депутат болар едім.

Ал көпбалалы ана атанған Динара Сұлтан «Сахнадан кетуім мүмкін. Бірақ саясатқа емес» дейді. Әншінің арманы орындаушылықтан бұрын, оқытушы болу екен.

Динара Сұлтан, әнші:

– Әрдайым селкілдеп өлең айтып жүру де оңай емес. Және де ұят деп ойлаймын. Жасым келе мүмкін мұғалім боламын.

Алматы қаласы «Мәдениет саласы бойынша, штаттан тыс кеңесшісі» - Мейрамбек Бесбаев, қаңтар айында ғана «орындаушылар қоғамының төрағасы» болып сайланған болатын. Бірақ әнші ол орынға әлі түбегейлі отыра қоймапты.

Мейрамбек Беспаев, әнші:

– Жақында ғана өнерпаздар, үлкен өнер адамдары жиналып орындаушылар қоғамы бар бізде, соның төрағасы қып сайлаған. Бірақ енді әлі жоғары жақтан білмеймін ғой мен кімге кедергі жасап жатқанымды әлі өткізбей жатыр. Бірақ заң бойынша өткізу керек. Сол кезде көп нәрсені жөндейміз ғой деп ойлаймын.

Бүгінде қос бағыттың шылбырын босатпай нық ұстап жүрген Отандық әртістердің ішінде: «Қазақконцерт» директоры – Жеңіс Сейдоллаұлы, «Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі» Қыдырәлі Болманов, парламент мәжілісінің депутаты – Нұлан Әлімжан, 363 кандитаттың арасынан сайланған «Жас Отан» партиясының мүшесі – Ninety one-дық ZaQ, яғни Дулат Мұхамедқали да бар.