Отандық кинопрокатқа жол тартып, кассалық табысымен топ жарған туындылар тізімі анықталды! «Ticketon.kz» сайтының мәліметінше, киномандар «Семейные страсти» фильмін таласа тамашалаған.
Мейіржан Төребаев пен жұбайы Дана Есеева басты рөлді сомдаған комедия айналымдағы алғашқы аптада 327 млн теңгемен көш бастады. Режиссер Асқар Бисембин ұсынған тың туынды отбасылық құндылықтарды дәріптейді.
«Семейные страсти» лентасы бір жанұяның жолсапарын баяндайды. Жұлдызды жұп алғаш танысқан Ақтау қаласына 15 жылдан кейін балаларын апармақ болады. Бірақ олардың бұл саяхаты ойдағыдай өтпей, түрлі келеңсіз оқиғалармен шиеленісе түседі.
Екінші сатыда 80 млн теңгеден астам пайда көрген «Алға» анимациялық фильмі. «Disney» мен «Pixar» компаниялары бірігіп таспалаған мультфильмді Крис Пратт пен Том Холланд сынды танымал актерлар дыбыстаған.
Ал су жаңа анимация Иэн мен Барли есімді қос бауырдың бастан кешкен хикаясын баяндайды. Ағайынды жігіттер ғажайып күштің көмегімен марқұм әкелерін бір күнге болса да қайта тірілту мүмкіндігіне ие болады.
Баян Алагөзованың «Я Пышка» картинасы 72 млн теңге кіріс көріп, үздік үштікті түйіндейді. Азулы продюсердің с жаңа комедиясы, артық салмақпен күрескен қыздың хикаясын баяндайды.
Аталмыш фильм, сондай-ақ фэшн тақырыпты арқау еткен. Тың туындыда Тәуекел Мүсілім мен Жәния Джуринская басты рөлдерді сомдайды.