Алуа Қонарова қоластына Асылтас Аяп есімді аруды алса да, оны неліктен әлі күнге дейін үлкен сахнаға шығармай жүргенін ашып айтты. Еске салсақ, жас әнші 2 жылдан бері жұлдызды продюсердің қарамағында.
Алуа Қонарова, продюсер:
- Әлі дайын емес. Жазылған әндердің барлығын тыңдап көрсек, оған мүлдем жараспай тұр. Әлі де қай бағытта жұмыс істеу керектігімізді білмейміз. Өте қиын, өйткені ол ерекше қыз. Сондықтан да Асылтастың бағын жағатын ұтымды ән табуымыз керек.
Ал жаңа әннің құны қалтаны әжептеуір жұқартатыны түсінікті. Продюсер ханым бұл орайда, шықпай жатқан жобасы үшін біраз шығындалғанын мойындайды. Аузы күйген үрлеп ішетінін білетін ол, ендігі ән жаздырмас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кеспек ниетте.
Алуа Қонарова , продюсер:
- Енді жаңа әнді сатып алып, оны өңдемес бұрын жүз қайтара тыңдайтын боламыз.
Жәнел Мақажан болса, мың бұрала билеген бейнежазбасымен желіні шулатты. «Бекзаданың қызығы да, былығы да бар қызы» деп жазба қалдырған актрисаның бұл қылығы біреуге ұнаса, енді біріне ұнамай жатыр.
Сондай-ақ, актриса қызықты пікір қалдырған адамға өз қолымен киім тігіп беремін деп, жомарттық танытпақ.
Танымал бойдақтар қашан үйленетінін желідегі маскалардан сұрап әлек. Мәселен, инстаграмдағы қосымша актер Аян Өтепбергенге 2020 жыл той болады деп топшыласа, отбасылық өмірге әлдеқайда қадам басып қойған Асылхан Төлепов пен Әбдіжаппар Әлқожаға семіресің деп болжам жасады. Кіші Әлқожа масканың бұл пайымымен келісетін сыңайлы.