Таяуда ғана Джастин Бибер «ауыр дертке шалдықтым» деп инстаграмға пост жариялап, фанаттарын сары уайымға салды! Әлемге танымал жас әншінің «лаймa» ауруымен ауыратыны жайлы мәлім болған. Соңғы 2 жылда бет-әлпетінің өзгеріп, жүйкесі жұқарғанына дәл осы індет себеп болса керек. Жас музыкант енді уақытылы ем қабылдап жүр.
Еске салсақ, «лайма» ауруына кезінде Аврил Лавин да шалдыққан болатын. Америкалық әнші 6 жыл бойы емделіп, сауықты. Бұл дерт Аврилдың шығармашылығының бөгелуіне себеп болды.
Ауыр дертке шалдыққан ресейлік өнерпаз Анастасия Заворотнюктің жанкүйерлері болса, оның амандығын тілеп келеді. Танымал киножұлдызға «глиобластома» диагнозы қойылған. Бұл – мидағы ісіктің ең агрессивті әрі ем дарымайтын түрі. Алғашында Польшада емделуге аттанған актрисаны, бүгінде Мәскеуге ауыстырған. Себебі, шетелдік дәрігелер бұл ауруды емдеуде дәрменсіз болып шықты.
Отандық жұлдыздар арасынан, Жанна Саттарова да көпке дейін онкологиялық дертпен күресіп келген еді. Алайда, кеселден түбегейлі айыға алмаған өнерпаз 2017 жылы көз жұмды.
Өнер әлемінде ауыр дертті жеңген, санаулылардың бірі – жас өнерпаз Дәулет Болатов. Әншіге «мойын омыртқасының грыжасы» диагнозы қойылған болатын. Нәтижесінде, көпшілік қаржылай көмек көрсетіп, әнші Корей елінде 20 мың АҚШ долларлық ота жасатты. Бүгінде Дәулеттің денсаулығы қалыпты жағдайда.