Биыл танымалдар отбасында атұстарлар мен кесте тігерлер көбейген жыл болды. Бірі алғаш рет ата-ана атанса, енді бірі күміс алқадан ниеттілер. Мәселен, Лидо төртінші мәрте ана атанып, жолдасына Рамина есімді қыз сыйлады.
Кешьюдың анасына айналған Баян Мақсатқызының немерелерін де атап кетпеу айып болар. Ақбота-Нұр мен Жұлдыз Өмірғалидің екеуі де биыл қыз босанды.
Ақбота Нұр, әнші:
- Баян Мақсатқызы құттықтады инстаграм желісінде, Жұлдыз да құттықтады. Ал Бидашка болса, жарты сағат бұрын хабарласып, бір-екі күнде үйге келетінін хабарлады.
Ақбота мен Дәурен қыздарына Айша деп ат қойса, Айқын мен Жұлдыздың таңдауы Айя есіміне түскен.
Екінші рет сәбилі болғандар қатарында Келинка Сабинаның құрбысы, Айнұр Ілясова да бар. Актриса әріптестері сынды декреттік демалыс алмай, шақалағы қырқынан шықпастан жұмысқа кіріскен қайсар ана.
Айнұр Ильясова, актриса:
- Бірден жұмысты бастап кетсең, саған ешқандай депрессия тиіспейді. Сондықтан қызу жұмысқа бірден кіріп кеттік.
Биыл экс-кешьюлік Элизат Берікова да сүйіктісіне Батырхан есімді атұстар сыйлады. Жұлдызды ананың тұңғышы өзінің туған күнінде дүниеге келген.
Элизат Берікова, әнші, актриса:
- Өзімнің туған күнімде Аллах Тағала осындай үлкен сый сыйлады деп білемін. Өте қуаныштымын негізі.
Алғаш рет ана атанған Элизат та кішкентайын енесіне тапсырып, Рашид Сүлейменовтың «Зеркала» толықметрлі туындысына түскен болатын.
Доңыз жылындағы ең айтулы оқиға – Жазира мен Жанболаттың екінші мәрте ата-ана атануы болды! Алайда, жұлдызды жұп көпке дейін жағымды жаңалықты сүйіншілеуге асықпады.
Сондай-ақ, 2019 жыл спорт жұлдыздары – Геннадий Головкин мен футболшы Бауыржан Исламханға да екінші рет әке атану бақытын бұйыртты. Жұлдызды бэйби бум мұнымен тоқтамақ емес. Бұйыртса, 2020 жылы Динара Сұлтан, Арман мен Аша, Дильназ Ахмадиева мен Нұржан Керменбаев та ел демографиясына үлес қоспақ.