Венеция кинофестивалінің бас аспазы Алматыда!

Сообщить о проблеме с эфиром

Италияның елімізде алар орны ерекше. Өйткені бізді пиццаның отанымен байланыстыратын дүние көп. Оңтүстік астана төрінде дәмді ас пен құрғақ көбікті итальян шарабын таныстыруға, жыл сайынғы Венеция кинофестивалінің бас аспазшысы қонаққа келді.

Тина Витерелло, жұлдызды аспаз (Италия:

- Мені қазақ халқының тағамдары қатты қызықтырды. Италия мен Қазақстанның асүйін бірлестіре, тағам дайындап көргім келеді. Өйткені жергілікті азық-түлік өнімдері өте сапалы екен.

Мәдени бас қосуда отандық кіші және орта кәсіп өкілдері мен рестораторлар, сондай-ақ, еліміздегі Италия елшісі де бой көрсетті. Өз кезегінде, Паскуале Давино бұл шараның қос елдің өзара мәдениет алмасуына септігі мол. Өйткені «дәм бар жерде сыйластық пен достық бар» дейді.

Паскуале Давино, Италияның Қазақстандағы елшісі:

- Италия да, Қазақстан секілді сапасыз тағам өнімдерімен барынша күресуде. Ең бастысы, тұтынушыларға жоғары деңгейдегі, тек сертификатталған, табиғи таза өнімдерді ұсыну керек.

Италия нағыз гурмандар мекені. Елімізде де дәмі тіл үйірер паста мен спагетти, моцарелла ірімшігі және хош иісті шарап сұранысқа ие. Сондықтан да, Адриано Челентаноның отанынан келген өз ісінің шеберлері, сергітетін сусын – просекконың жаңаша дайындалу процессі мен тарихына айрықша тоқталып өтті.

Италияда білім алған отандық блогер Саятжан Мәди, қазақы дастархан мәзірінен де, көбіне ұн мен сүттен жасалған тағамдардың табылатынын айтады.

Саятжан Мәди, блогер:

- Мен кез келген қазақ секілді өзіміздің бешбармақты жақсы көремін. Бірақ Италия асханасындағы пенне, фетучинни, панинни, педини сынды тағамдар да ұнайды. Оларды күнделікті тағам ретінде дайындауға болады.

Қос ел өкілдері бас қосқан мәдени танымдық іс-шара итальялық музыка кешіне ұласты.