Ақан Сатаев, Құралай Анарбекова мен Нұрлан Қоянбаев бәсекелес атанбақ!

Сообщить о проблеме с эфиром

Әбунасыр Серіков бұрынғыдан өзгерек! Енді ол желідегі лайк үшін оқушысын сабап, памперс киіп, көшеде кім көрінгенге тиісіп жүр. Дәл осындай ерекше сюжетте құрылған «Аташка на хайпе» картинасы көрерменге жол тартпақ. Фильмде басты рөлді сомдаған Әбеке аталмыш лентадан кейін, үлкен жастағы актерларға киногерлер тарапынан сұраныс артатынына сенімді.

Әбунасыр Серіков, актер:

- Бізде режиссерлар көп болса, бір 5-6 жыл болды ғой, киномыздың көтеріліп, түсіріліп жатқанда. Сондықтан да ойлаймын, болашақта біздің режиссерларымыз бұндай керемет қарттармен көп кино түсіреді деп.

Ал, қазақтың бас ауруына айналған «несие» тақырыбы Құралай Анарбекованың кезекті картинасына негіз болды! Сюжет бойынша, кредитке белшесінен батқан қарыз алушылар бірігіп, банкты тонауға кіріседі.

Құралайдың картинасымен қатар, Сатаев продюсерлік еткен «Каникулы off-line - 2» лентасы да жарыққа шығады. Еске салсақ, картинаның алғашқы бөлімі табысты атанып, ғаламторда қаралымы жағынан рекорд орнатқан еді. Сондықтан да, Ақан мырза ауылға аттанған қала балалары туралы хикаяның жалғасы да үздік шығатынына сенімді.

Ақан Сатаев, режиссер, продюсер:

- Балаларға арналған, берері мол фильм. Одан бөлек, коммерциялық тұрғыда да дұрыс жоба болады деп сенемін.

Алайда, «Сатаев пен Анарбековаға нағыз бәсекелес мен боламын» - дейді Қоянбаев. Нұрланның кезекті сиквелы Кореяда таспаланған еді. Фильмде тіпті, Найнти уандық Эйсты байқап қалуыңыз да мүмкін.

Нұрлан Қоянбаев, кинопродюсер:

- Киноиндустрияда әзірге жеңімпаз деп айтуға болады. Қазір деген көп әріптестеріміз енді бір-бірінен сұрайды ғой бірінші орында қай кино деп, сонда «Бизнес по-казахски» дейді. Оның өзі маған жеңіс.

Ал, бір күнде тұсауы кесілетін үш картинаның қайысысы оза шауып, үздік атанатынын көрермен шешеді.