Отандық әртістер алаяқтарға алданып жүр!

Сообщить о проблеме с эфиром

Шығармашылық адамдардың жүректері нәзік болып келеді. Әсіресе алдына көмек сұрап келгендердің қолдарын құр қайтаруға ұялады. Әнші Жеңіс Ысқақова «жәрдемдескен адамдарым, көбіне алаяқ болып шығатыны өкінішті» дейді. Бірақ олардың айласын түсінген Жеңіс ханым, бүгінде бәрін жіті тексеруден өткізетін болған.

Жеңіс Ысқақова, әнші:

– Кейін жаңағы алданып қалғаннан кейін, қағаздарын сұрайтын болдық. Қағазыңыз бар ма, диагнозы кәні? Счет заңды ма? Бұл сол счетқа түсе ма? Соның бәрін тексеріп барып, көмектесетін болдық.

Десе де Ысқақованы үйінің жанында торуылдайтындар көбейген. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» дегендей, «Қалтаңдағыны қалдырып кетші» дейтіндер әншінің әмиянын қағып кететін көрінеді.

Жеңіс Ысқақова, әнші:

– «Қолымдағы барым осы» деп құтылған кездерім де болды. Өйткені жүргізбейді. Болды ондай.

Ал Дана Кентайдың басынан өткен жағдай тіптен бөлек. Алаяқтар әншінің аңғал ата-анасы арқылы қомақты қаражатқа кенелмек болыпты. Абырой болғанда Дана «ақшаны уыстаймыз» деп алақан ысып отырғандардың қулығын бірден түсініп, туыстарын сабырға шақырған.

Дана Кентай, әнші:

– Оларға кәдімгідей хат келіп: «бұл хат туралы ешкімге айтпаңыздар. Бұл хат Мәскеу қаласынан келіп тұр» деп кәдімгідей бірнеше қағаздарды жіберген менің үйіме ата-анама. Солай ата-анам оны ешкімге айтпай, сендер үлкен қаражатта ақша ұтып тұрсыңдар. Бірақ сол ақшаны алу үшін сендер, қанша... Бірнәрсе мың аударуларың керек деп айтқан.

Ал айлакерлерге қанша аузы күйсе де, Абай Бегей өзін сазға талай отырғызып кеткен қылмыскерлердің жазасын беруге асықпайды. Тіпті қырықтың қырқасына шыққан әнші, әлі күнге дейін алданып қала беретін көрінеді.

Абай Бегей, әнші:

– Көп жазып жатады «Жағдайымыз жоқ еді. Пәтерімізді төлей алмай жатырмыз» деген сияқты. Енді қомақты қаржы сұрамаса да, бір кішкентай сұрайтындар болады. Сол кезде жанымыз ашып, шамамыз келгенше аударып жіберіп отырамыз. Солардың көбісі, артынан естіп жатамын, ол өтірік парақшалар болып шығып жатады.

Өтірік мүсәпірдің күйін кешіп, қалталылар жүретін мекендерді торуылдап, желіде тыным бермей жағдайының жоқтығын айтатын алаяқтар сайып келгенде, тиісті жазасын алары анық.