Комедия таспалап, прокатта қалтаңды қалыңдату – біздің киноөндірістегі ең оңай шаруа болып тұр. Дегенмен, терең мағыналы туындыларды да жатсынбайтын көрермен тәрбиелеу – бүгінгі режиссерлерге тікелей байланысты.
Мәселен, Ақан Сатаевтың жеңіл-желпі туынды түсіргенін көрген емеспіз. Әйкенмен де, фильмдерінің кассалық жиыны қашанда көңіл көншітерлік. «Томирис» тарихи драмасы прокаттағы 4-аптасында 470 751 000 -нан аса қаржы жинап үлгерді.
Бұл тек бастамасы ғана! Фильмді авторлары халықаралық айналымға да шығаруға ниетті. Кинододаларда да топ жарып қалуы бек мүмкін.
Ақан Сатаев, режиссер:
– Халықаралық прокат арқылы сіздер кеткен шығынның бәрін ақтаймыз дедіңіздер. Нақты қай елдерде көрсетесіздер?
- Ол жоспарда. Әзірге тек Қазақстан бойынша прокат қарастырылған. Бірақ, киноның көрсетілу шекарасы кеңейеді деп үміттенемін. Себебі, лента өзге елге шығаруға тұрарлық.
«Shine Production» өзін-өзі қаржыландыратын жеке киностудия болғандықтан Баян Мақсатқызы әрқашан табысты туынды түсіруге талпынады.
Дегенмен, бұл жолы мелодрама таспалап, басын бәйгеге тігіп көрді. «Станция судьбы» 71 млн 105 мың қаражатты қоржынына салды. Бұған дейінгі комедияларынан түскен табыстан бір мысқал кем емес.
Данияр Сугралиновтың бестселлерін экранизациялаған Фархат Шарипов, «Тренинг личностного роста» атты ауыр фильм ұсынды! Дегенмен, криминалды драма киномандардың көңілінен шықты. Тіпті, бірнеше халықаралық кинофестивальдерде топ жарды. Мәскеулік додада Гран-приді жеңіп алғаны да мәлім. Ал, тұсаукесері Пусанда өтті.
Фархат Шарипов, режиссёр:
–«Пусан» кинофестивалінде екі аталым бойынша негізгі бағдарламада сайысқа түстік. Көрсетілім кезінде зал лық толы болды. Корейлік көрерменге ұнағаны анық.
Биыл прокатқа шыққан туындылар арасында «Балуан шолақ» пен «Қазақ хандығы. Алтын тақ» тарихи ленталарды да ерекше атауға болар. Соңғысы тіпті, киноакадемиядағылардың сұрыптауынан өтіп, «Оскарға» үмітті картиналар қатарына қосылды.