Алуа Қонарованың қол астындағы «Рензо» тобы енді өз еркімен еңбектеніп жатыр ма?

Сообщить о проблеме с эфиром

Жарты жылдан астам жұрт назарынан жырақта жүрген жігіттер не тындырды?

Көк жәшіктен көп көрінбей кеткен «Рензо» тобы өнердің ортасына қайта оралды. Жарты жылға жуық жанкүйерлерінен жырақта жүрген жігіттер камбэкке дейін әр күнін студияда өткізген және сахналық образды да өзгертуге тырысып бағыпты.

Renzo тобы:

- Негізінде біз жай жүрген жоқпыз. Бір жағынан шаш өсірдік. Образдарда да өзгерістер болады шаш өсіріп деген сияқты. Шашымды 6 айдай мүлдем алған жоқпын. Біздің алдындағы клиптерде, фотосессияда менің шашым қысқа болды. Содан кейін менде «шашымды өсіріп көрейін» деген сияқты ой пайда болды. Сол міне!

Топта тың ақпараттар көп. Әуелде тек Алуаның айтқанымен жүретін жігіттер, қазір Қонарованың сеніміне кірген. Бұдан былай продюсер шәкірттерінің шығармашылық шабытына шектеу қоймайтын болыпты. Жаңа үнтаспадағы әндердің басым бөлігі бойзбенд мүшелерінің авторлық еңбектері.

Renzo тобы:

- Бұрын бізге Батыр Байназаров жазса әндерді, Асқар мәтінін жазатын. Біз тек орындаушы ретінде едік. Қазіргі таңда әр әнде өзіміздің үлесіміз бар.

«Рензо» тобы су жаңа альбомға таңдап, талғап 10-ға жуық тректі топтастырған. Күйтабақтағы әндер бірден емес, әр апта сайын желіге жүктеледі. Алғашқы сингл – «Сенің күлкің» деп аталады.

Renzo тобы:

- Осыдан бір апта бұрын тағы бір «Lay» деген өлең шығардық. Продюсерлік орталықта маркетолог кісілер бар. Сол кісілердің айтуынша солай синглмен шығарған дұрыс. Әр екі апта сайын, бір апта сайын бір әннен шығарып тұрамыз.

Бұл жігіттердің жоспардағы жобалары жетерлік. Таяуда төрттік кезекті клиптің түсіріліміне кіріспек. Жаңа видео жарыққа шыққан сәтте, серілер сарыла күткен жанкүйерлерімен «фан-митингте» жүздеспекші.