Дүрия Қыдырбек, @duriiya_kydyrbek
Елімізде бойдақ жігіттер мен басы бос арулардың саны жыл санап артып келеді. Ал «НТК» арнасы бұл олқылықтың орынын толтыру мақсатында 8 жылдан бері серілер мен бойжеткендерге жүрегінің жартысын табуға жәрдемдесуде. Талай жанның отбасын құруына ықпал еткен аталмыш жоба жаңа маусымды бастады.
Шаһ-Керім Кәрмен, «Сезім бағы» бағдарламасының жүргізушісі:
«Сезім бағы» деген негізі жобаның концепциясы, студияның концепциясы – махаббат саябағы, сезім бағы болып әуел бастан таңдалған. Енді «Бір болайық» жобасы кәдімгі өзінің бір ерекше орнын ойып алды. Содан кейін жаңа жылда ерекше бір леппен, жаңа бір жаңалықтармен бастайық деп, «Сезім бағы» болып басталдық.
Жаңа маусым қарсаңында ұжым студияны жаңаша безендіріп, жаңа логотип дайындаған екен. Тіпті бағдарламаға арнап ән шашу да жаздырған.
Камила Саянова, «Сезім бағы» бағдарламасының жүргізушісі:
– Бұрын әнсіз «Бір болайық» болса, қазір «Сезім бағы» әнімен. Өзіміздің әншіміз SAFANNA, қателеспесем, өзі жазып шығарған. Жолдасы әнін жазып берген. Ән әдемі шыққан, нәзік, маусымның сипаттамасы сияқты.
Енді бір жыл бойы 20 қатысушы өз жүрегінің жартысын іздейді. Арасында бірнеше маусымды артта қалдырған үміткерлер де бар. Сезім бағындағы қыз-жігіттердің таудай талаптарын да тыңдадық.
Диана Ерболатова, «Сезім бағы» бағдарламасының қатысушысы:
– Негізінде миллионнан жоғарғы табыс болса екен деген сияқты. Енді астында автокөлігі болса, өзім сияқты. Бірақ енді ғашық болып қалып, басыммен кетіп қалсам, қарамайтын сияқтымын...
Ал тәж киіп, бір болайық ханшайымы атанған сылқымның қалауы қарапайым.
Медина Төлегенова, «Сезім бағы» бағдарламасының қатысушысы:
– Кез-келген қалада тұра аламын. Көшіп кету керек болса, көшіп кете аламын. Жасы 23-тен жоғары болса екен деймін. Танысып жүрген жігітім 21-де. Ештеңе етпейді.
8-маусымда қатысушылар қатарына 48 жастағы Жанна Абуова қосылды. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ол енді өз өмірін қолға алып, сүйеніш болар азаматын табуға ниетті.
Жанна Абилова, «Сезім бағы» бағдарламасының қатысушысы:
– Мен жас қыз емеспін. Мысалы, жас қыздар студент болып, оқу кезінде біреумен таныса алады ғой. Ал менде ондай мүмкіндік жоқ. Ешқайда шықпаймын, жастан 60-қа дейінгі үміткерлерді күтемін.
Дәулет пен Балназым, Шыңғыс пен Карина, Жарасхан мен Нәзік сынды біраз жүректің табысуына сеп болған бағдарламаның қазіргі фавориті Әли мен Диана. Ақын жігіт ниеті түзу екенін айтып, тойдың ауылы жақындаған өлеңдетіп жеткізді.
Әли Асқар, «Сезім бағы» бағдарламасының қатысушысы:
– Жұлдызын жағып алсақ көк аспанның,
Біздерге таласқан бақ, таласқан күн.
Қолынан ұстап алып Диананың,
Жолын жалғап кетсек қой Жарасқанның.
Сіздердің жолдарыңызды берсін. Біз де осы жобада үйленіп, бақытты болып кетейік.
Жалғыз жандарға жүрегінің жартысын табуға сеп болған бағдарлама тағы бір маусымға аяқ басты. Ендеше дүйсенбі-жұма аралығы 12:00-де «Сезім бағын» өткізіп алмаңыз. Кім білсін, мүмкін сіз іздеген жан дәл осы жобада болар.