Instagram-нан тректері жоғалған әншілер бас көтерді.

Сообщить о проблеме с эфиром

Қазына Әбдіғапбар, @kazyna_abdigapbar

Меta мен Қазақстан авторлық қоғамының дауы осыдан бірнеше айлар бұрын басталған. Инстаграмға иелік ететін компания мен ұйым арасындағы келісімшарт мерзімі 2022 жылы аяқталып, уақытын созу тақырыбында бітімге келе алмаған. «ҚазАқ» бас директорының айтуынша компания отандық әншілерге қаламақы құнын өсіруден бас тартқан көрінеді.

Айнұр Есендікова, «ҚазАҚ» РБҚ бас директоры:

Авторлық кеңес Меtа ұсынған соммаға келіспеді. Ал, қазақ мәдениетін мұндай мардымсыз қаражатқа лайық көру ұят. Дамыған барша АҚШ, Еуропа сынды елдер Меtа бізге ұсынған ақшадан әлдеқайда көп қаражат алатыны бізді қынжылтады. Қос тарап бітімге келмегендіктен, Меtа «ҚазАҚ» тізіміндегі орындаушылардың тректерін платформадан өшіріп тастады.

Nazima, әнші:

Бір 2-3 күн бұрын өз әнімді іздеген едім инстаграмнан, қарасам жоқ. Бұны қалайда шешу керек? Бұл әділетсіздік. Қазақстандық артисттер де шетелдіктер секілді, бірдей қаламақы алуға, табыс табуға тиіс деп ойлаймын.

Ең қызығы, отандық жұлдыздардың кейбірі инстаграмнан әндерінің жоғалуы уақытша техникалық ақау деп ойлаған.

Гүлзира Айдарбекова, Қ.Нұртастың продюсері, анасы

Оны мен түсінген жоқпын. Бірақ бұрын бір istories қойған кезде үстінен баламның әндерін қоя салатынмын ғой. Барлық әншілердікі жоқ екен.

Қобыланды Болат, әнші, актер:

Шынымен де, қазір осы ТМД төңірегінде болып жатқан жақсы жақсы әндердің барлығы, жалпы қазақша әндер жоқ екен. Мен осы 1-2 күн бұрын ғана байқадым.

Ал әнші Luina болса Меtа мен авторлық ұйымның тез арада бітімге келетінін асыға күтеді. Өйткені, «бұлай жалғаса берсе, әнімізді тарату мүмкіндігінен айырыламыз»,- дейді.

Luina, әнші:

Енді әндерімізді ққалай таратып, қалай жарнамалайтынымызды білмеймін. Өйткені инстаграм осы жолда еңбір қолайлы платформа. Көп ұзамай шешіледі деп үміттенемін. Болмаса әндерді басқаша тарату жолын қарастырармыз…

 

Десе де қоғамдық ұйым әндердің таралу мүмкіндігінен бөлек тиісінше ақысы төленбесе, келісімшартқа қол қоюға қарсы. «Біз қазақстандық авторлардың болашағы үшін күйінудеміз, кейін бізге алғысын айтады» деген Айнұр Есендікова қос тараптың бітімге келетініне сенімді.

Айнұр Есендікова, «ҚазАҚ» РБҚ бас директоры:

Қазір компаниямен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бұл тек бізде болған жайт емес. Италияда да болды. Алайда олар қалаған гонорарына қол жеткізе алды. Сондықтан біз де сол үшін ат салысып, өз құқығымызды тиісінше талап етеміз. Қалауымыз тек әділ сыйақы мен қаламақы.

 

Еске салсақ, инстаграмнан төленетін роялтидің 30 пайызы қоғамдық ұйымға, ал қалғаны авторлардың қалтасына түседі. Әншілердің өздері авторлық қоғамнан түсетін қаламақыға көңіліміз тояды дейді.

Nazima, әнші:

Әріптестерімнің қанша қаламақы алатыныны білмеймін, мен қанша дегенмен Blackstar-дан шыққанмын ғой, сондықтан да болар маған түсетін роялти жақсы.

Қобыланды Болат, әнші:

Аламын, алып жатырмын, мен енді ол жұмыстармен өз басым басқа менің жұмыс жасайтын адамдарым бар. Директор және менеджерлерім бар. Сол кісілер нақтырақ білетін шығар.

 

Instagram-нан қазақстандық әндерді қайта тыңдай аламыз ба жоқ па, уақыттың еншісінде. Ал отандық орындаушыларға өз құқығын қорғауды жіті назарға алып, мұқият болуға шақырамыз.