Қазына Әбдіғапбар, @kazyna_91
- Жанды дауыстағы бэнд, жаңа тыныс алған каверлер мен Абик Жексенұлы. Музыкасүйер қауымға бұдан асқан ләззат жоқ. Бүгін біз Әбілқайырдың кешіндеміз.
Қазына Әбдіғапбар, @kazyna_91
- Ең бірінші, мені көптен мазалап жүрген сұрақты қойсам, неге Абик?
- Абик деген тілге ыңғайлы. Ол трендке де айналып кетті ғой. Қыртым-сыртым, қиқу-сиқу дегеннен гөрі Абик деген қысқаша, жатталғанға да ыңғайлы.
Каверлері желіде трендтен түспейтін Абиктің бүгінгі кеші тыңдарманның сұрауымен арнайы ұйымдастырылып отыр.
Абик Жексен, әнші:
- Тек менің ғана концертім емес, Абик Жексен және оның достары.
Jaja бэнд пен достары жиылған кештен Абиктің әкесі Жұбаныш Жексенұлын таба алмадық. Себебі, ән сапарда болған. Әбілқайырдың өзі: «арамызда көзге көрінбейтін байланыс, шығармашылық қолдау бар»,-дейді.
Абик Жексен, әнші:
- Негізі әкем өзі ән жазады, қазіргі таңда өзі ән жазып жүр. Сол әндерінің аранжировкасын мен жасап, өңдеп, керек кезде қалай айтылуы керектігін деген сияқты заманауи бағытқа салып жіберіп отырамын. Подсказка беріп.
Қазына Әбдіғапбар, @kazyna_91
- Ал үлкен концерт қашан болады? Оған дайын болмай жатсыз ба, әлде материал дайын емес пе?
Абик Жексен, әнші:
- Адамның өзі дайын болу керек шығар. Мен енді толыққанды үлкен сахнада мың адамдық, мыңнан аса адам келетін үлкен сахна, Республика сарайының деңгейіндегі әнші деп өзімді әзірге санамаймын. Өзімнің енді өсіп келе жатқан аз-маз тыңдарманым бар.
Әнші өзін танытқан «Сен қасымда болмасаң», «Сүйем мен» сынды каверлер қатарын авторлық туындылармен толықтыруға барын салып жатқанын жасырмады. Ал, оған дейінгі жоспары – Асқар Жүнісбековпен дуэт.
Абик Жексен, әнші:
- Асқар ағаммен осы «Сен қасымда болмасаңды» бірге орындағым, бірге ұсынғым келіп отыр.
Жексентегінің алар асуы мен шығар биігіне сенетіндердің бірі – Әли Оқапов. Қос өнерпаз карантинде онлайн концерттердің бірінде танысқан екен. Таныстық арты шығармашылық тандемге ұласқан.
Әли Оқапов, әнші:
- Абик бірден айтты дуэт айтайық бір ән бар деп. Мен жарайды дедім. Бірден әнді жіберді және де кішігірм бейнебаян түсірдік. Сөйтіп достығымыз басталды. Ең бастысы халықтың көңілінен тапса орын, болды. Ал автордлық ән ба, кавер ма ол қазір маңызды емес сияқты.
Музыканттың шағын концертінде төбе көрсеткендердің тағы бірі – Серік Гамзазаде. Әнші біраздан бері сахнадан көрінбей кеткен-ді. Отбасында жалғыз ұл болғандықтан, қара шаңыраққа, Шымкентке оралған Серік, өнерден түбегейлі қол үзбегенін айтады.
Қазына Әбдіғапбар, @kazyna_91
- Сторизіңізді байқасам Шымкенттен арнайы келіпсіз осы концертке.
Серік Гамзазаде, әнші:
- Осындай Абик сияқты мықты музыканттар шақырған кезде ешқашанда жоқ деген жауап айтпағанмын, сондықтан осы кешке келіп отырғаныма қуаныштымын. Есбол Таспай сол кісімен бір дуэт бар алда, әнін сөзін жазып қойғанбыз. Ол кісі Ақтауда, мен Шымкентте екеуміз жолыға алмай жүрміз.
Гамзазаде жолыға алмай жүрген Есбол Таспай Абиктің қадірлі қонағы болды. Ал, кеш иесі Ербол Нариманұлы, Жексендер отбасының кіші ұлы Жанәділмен дуэт орындады.
Осымен 1 сағатқа созылған Абик Жексенұлының каверлер әлеміне саяхаты өз мәресіне жетті. Әбілқайырды іздеген тыңдарманның келесі аялдамасы мыңдаған аудиториялы алаңдар болсын.