Айдана Шалқар, @aiudna
- Шерхан Пірназар актерлық мансабынан бас тартты! Бұдан былай Шерхан - мұғалім. Дегенмен, Пірназар-тегінің оқушыларға сөзі өтпей, мамандығын игере алмай жүр.
Бұл – Шерхан Пірназар төбе көрсеткен «НВП ағай» толықметрінің сюжеттік желісі. Картинада актер әскери қызметінен қуылып, мектеп қабырғасына мұғалім ретінде жіберіледі. Ең сорақысы, ол білім ордасында тіл алмайтын тентек оқушылар сыныбына жетекші болып тағайындалады.
- Өзіңіз әскери борышыңызды өтеп пе едіңіз?
Шерхан Пірназар, актер:
- Әскерде болған жоқпын. Бірақ әскери оқуға тапсырып, түсе алмадым. Қазір енді жасым 32-де болғаннан кейін кез келген ҚР азаматы 27 жасқа толған күннен бастап өзіне, баяғы папаларымыздың ақ билеті болатын еді ғой, қазір сондай военный билетім бар. Қазір енді 2005-2003 жылғылар шығар ол жақта. Енді барып тұрсам, мен шал боламын ғой, шал емес баба болам ғой мен оларға.
- Мектепте бұзық болдым деп айтқан едіңіз, есіңізде қалған ерекше сотқарлығыңыз бар ма?
Шерхан Пірназар, актер:
- Біздің кезімізде енді гулянка деген дүние бар түгін. Картеж дейді ғой кейбір өңірлерде. Сөйтіп картежде машинаның люгы бар ғой, сол жерге тұрып алып, жас түлек деген жазуды алып, 101 алға деп, сол кезде ГАИ қызметкерлері артымыздан видеоға түсіріп келе жатыр екен. Мектепте аттестат алатын кезде қырғын хай-ваймен алғам.
Бір қызығы, Шерхан Пірназар түсірілім алаңындағы жас актерларға ерекше шарт қойған. Егер олар талапты орындай алмаса, күш көрсететінін де жасырмаған.
Шерхан Пірназар, актер:
- Балалар енді академия қабырғасындағы студент балалар ғой, 1 курс-2 курстар. Соларға айтам ғой, давай абыроймен ойнап шығайық, кім текстпен шаяды мен ұрып отырам деп, кім көп дубль жасайды, мен ұрып отырамын деп, сөйтіп 15 күнде осы жобаны тәмамдадық.
- Ұрдыңыз ба?
- Ұрдым ғой, ұрмаса, болмайды ғой.
- Қазіргі балалар шағымданып шығады ғой бірден, ренжіп қалғандар болған жоқ па?
- Шағымданудың алдын аласың ғой, шағымданып бара жатса, әйтеуір бір амалын тауып тағы да ұрасың ғой.
Шерханның экрандағы ғашығын Индира Сабирова ойнаған. Актриса айы-күні жетіп, перзентханаға дайындалып жүргеніне қарамастан фильмнің жабық көрсетіліміне келді.
- Түсірілім кезінде аяғыңыз ауыр болғанына қарамастан биік өкшелі аяқ киіммен әрі-бері жүгірдіңіз. Батыл екенсіз иә? Қорыққан жоқсыз ба баланы уайымдап?
Индира Сабирова, актриса:
- Жоқ енді бірінші балам емес қой, опыт бар, каблуктан зиян бар ма, барлығын білеміз ғой, ешқандай зиян жоқ, главное перенагрузка жасамау керек. Ал былай қиындық тудырды деп айта алмаймын. Бірақ бірі білсе, бірі білмес, 4-ші ай жүктілігімде түсірген едік НВП ағайды.
«НВП ағай» комедиясында мектеп директорының образын Бақыт Әліпбаева ашып көрсеткен. Актрисаның айтуынша, жас актерлармен түсірілген сахналар оның есінде ерекше сақталыпты.
Бақыт Әліпбаева, актриса:
- Өте қызықты болды. Түсірілім алаңы маған қатты ұнады. Балалармен мектептің ішінде бір сондай керемет атмосферада жүрді түсірілім.
Фильмнің жабық көрсетімілінен Досекешті де байқап қалдық. Музыканттың «Экватор сызығы» туындысы «НВП ағай» толықметрінің саундтрегіне айналған.
- Мектепте НВП сабағын қалай оқыдыңыз?
Dosekesh, әнші:
- НВП-ны барлық жігіттер сияқты жақсы оқыдым, қызығып.
- Ал, әскерге шақырту алып па едіңіз?
Dosekesh, әнші:
- Әскерге шақырту алдым, бірақ мен 4 жыл бакалавр, 2 жыл магистратурада оқыдым, сондықтан 40 күндік армияда ғана өз Отанымның алдындағы борышымды өтедім.
Айдана Шалқар, @aiudna
- Шерхан Пірназар мектептегі міндетін толық орындап, әскери қызметіне қайта орала ала ма? Білім ордасында жолықтырған ғашығымен қосыла ма? Жауабы - үлкен экрандарда!