«Менің жүрегімнің соғысы» реалити-шоуының авторлары - «Big Ocean ENM» компаниясы бұған дейін де талай сәтті жобаны жасап үлгерген. Біздің киногерлермен таспалаған ортақ дүние «Бизнес по казахски в Корее» - Қоянбаевтың ең көп касса жинаған франшизасы. Бұдан бөлек компания қазақстандықтармен бірігіп – «Восьмая ночь» картинасын түсірген еді. Туынды Netflix платформасында көрсетілген-ді.
Ли Чэ Хван, «Big Ocean ENM» компаниясының Қазақстандағы өкілі:
- Бұл – Қазақстан мен Корея бірлесіп жасаған ең алғашқы диджитал бағдарлама. Осыған дейін Қазақстанда екі елді байланыстыратын мұндай жоба болған емес. Корейлік рецептпен, қазақстандық қоспалармен жасалған романтикалық реалити шоу. Сондықтан біздің мақсатымыз – адамдарға махаббатын тауып беру.
Расында, бұл жобаның баламасы жоқ. Алғашқы таспалаған Корея болса, біздің тарап Қазақстандық көрерменге лайықтап ұсынып отыр.Реалити шоуда қатысушылардың қолына жүрек соғысын есептейтін арнайы смарт сағаттар тағылады. Бұл – олардың сезімдерін сөзсіз, іс-әрекетсіз-ақ айқындайтын құрылғы. Жобаның ерекшелігі де осы.
Гульбахор Хасанова, «Менің жүрегімнің соғысы» реалити-шоуының атқарушы продюсері:
- Бұл - «Big Ocean enm” компаниясының директоры Ким Сэ Хван мырзаның идеясы. Ол: «Қатысушылардың жүрек қағысын тексеріп көрейік» - деді. Осы смарт сағаттың арқасында көрерменге шоу түсініктірек болады.
Қатысушыларды ғана емес, жүргізушілерді де таңдау оңайға соқпаған. Шоу тізгінінде - Санжар Мади, Камилла Асилова, Яна Чигарькова.
Камилла Асилова, «Менің жүрегімнің соғысы» реалити-шоуының жүргізушісі:
- Бұл – менің алғашқы жобам. Мен қатты қобалжыдым. Аяқ-қолым дірілдеді. Бірақ менің әріптесім Санжар Мәдидің арқасында бәрі қолымнан келді. Себебі, ол маған көп көмектесті.
Жоба қатысушыларының іс-әрекетін сырттан психолог – Яна Чигарькова бақылайды. Ол - ғашықтардың сезімдеріне баға беріп отырады.
Яна Чигарькова - «Менің жүрегімнің соғысы» реалити-шоуының жүргізушісі:
– Біздің қоғамда еркіндік болғанымен, жастардың бір-бірімен танысуы қиын. Сондықтан, бұл жоба бірінші қадам жасауға қысылатын адамдарға қажет.
«Менің жүрегімнің соғысы» жобасында 18 бен 30 жас аралығындағы 10 қатысушы 5 ару өзіне ұнаған серіні, ал 5 жігіт жүрегінің қағысына әсер еткен бір сұлуға сезімін білдіруі тиіс.
Саша Турецская, «Менің жүрегімнің соғысы» реалити-шоуының қатысушысы:
- Жобаға қатысуды қалап, өтініш білдіргендер өте көп болды. Қатаң іріктеуден өттік. Осындай ауқымды бағдарламаның бір бөлшегі болғаным үшін бақыттымын!
«Менің жүрегімнің соғысы» реалити шоуы 1- ші қыркүйектен бастап онлайн платформада қолжетімді. Жобаның жаңа саны әр жұма шығып отырады.