Есірткі бизнесін ұйымдастырды деген күдікпен ұсталған «МadMen» тобының ісі не болды?

Сообщить о проблеме с эфиром

«Q-pop» шатқаяқтап, күйрегелі тұр ма? Бір апта бұрын Алматыда «Есірткі бизнесін ұйымдастырды» деген күдікпен 21 мен 30 жас аралығындағы 10 адам құрықталды. Полиция топты басқарған 1994 жылғы азамат екенін айтты. Ал «Q-pop» жанкүйерлері желіде тараған видеолардан, «МadMen»-нің екі солисі мен продюсері Руслан Хванды айнытпай танып отыр.

Ерлан Алмағамбетов, Алматы қаласы есірткіге қарсы күрес басқармасының бастығы:

– Бір жыл бойы синтетикалық есірткі құралдарын дайындаумен және сатумен айналысқан, ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Олар көбіне мессенджерлер арқылы сатып отырған.

Бүгінгі таңда күдіктілер уақытша тергеу изоляторына қамалған. Ал «Мадмендіктердің» қазіргі жағдайы, жұртты алаңдатып отырғаны сөзсіз. Топқа жақында ғана қосылған Мадияр Ахметқали, интертейменттегі жұмыстың ақырындап жүріп жатқанын айтады.

М, «Madmen» тобының мембері:

– Біздің жұмыс әлі жүріп жатыр. Иә, кейбір жұмыстар тоқтап қалды әрине студияға байланысты. Ал өзіміздің группаға байланысты жұмыстар әлі жүріп жатыр. Там альбом, өлең шығару деген сияқты. Вот сол ары қарай тоқтап қалмас үшін, осы проблемаларды тезірек шешуіміз керек.

Құрамның тағы бір жаңа мүшесі Әлихан Әшен де даулы мәселеге қатысты үнсіз қалмады. Әнші «Mad Wave»-терді ашудан арылып, әліптің артын бағуға шақырды. Себебі желіде жігіттерге деген негатив күн санап күшеюде екен.

Марк, «Madmen» тобының мембері:

– Соңғы жаңалықтарға байланысты маған көптеген сообщениялар келіп жатыр. Жалпы нақты білмей жатып, ғайбат сөздер жазып, жаман шешімдер қабылдаудың қажеті жоқ сияқты. Өйткені уақыты келе бәрін нақты білетін боласыздар. Бізде бәрі жақсы болады.

Ал топтан бір ай бұрын шығып кеткен – Рахат Масақбай бұл жағдайдан мүлде бейхабар болғанын айтады. ММ entertainment-те 5 жылға жуық жұмыс істеген Рахат: «Жаңалықты естігенде төбеме жай түскендей әсерде болдым»,-дейді.

Рахат Масақбай, «Madmen» тобының экс-мембері:

– Бұл оқиғаға қатысты мен ешнәрсе айта алмаймын. Бірінші көрген кездегі әсерім, әрине қиын болды. Шоковое состояние. Қате пікір қалыптасты деп ойлаймын. Мені де сол жақта жүр деп. Менде бәрі жақсы. Ол жерге ешқандай қатысым жоқ.

Есірткіні дайындау, сақтау және сатумен айналысқандары үшін жігіттер 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылулары мүмкін.