Ретро әндерді жаңғыртып, туындыға жаңа дем берген жастардың бірі - M'Dee. Мәди Тоқтаров «Дос-Мұқасан» тобының танымал «Той жырын» заманауи форматта орындап, бейнебаян да таспалаған еді.
Жас әнші 2RAR да ескі әндерге құмартып, бір емес бірнешесін орындап шықты. Олардың қатарында Қыдырәлі мен Қарақаттың «Айналайыны», «Формат» тобы мен Қайрат Бәйекеновтың «Телефон» әндері бар.
Ал Тұрардың Мәдина Сәдуақасованың бойтұмарына айналған «Жұлдызды түнде» трегін бірлесе шырқауы, тыңдарман талғамынан cай келгендей.
Мәдинаның өзі: «16 жылдық тарихы бар бұл әнімді жаңа стильде орындау маған ұнады»,- дейді.
Мәдина Сәдуақасова, әнші:
- Сөздері мүлдем өзгертілген, подача басқаша, Тұрар кәдімгідей мықты екен. Оқығаны да жаңағыдай рэп. Барлығы тамаша, уау это новое дыхание деп.
Ең қызығы, қай туындыны алсақ та, ескі әндердің жаңаша нұсқада шырқалуы көптің көңілінен шығуда. Бұл орайда композитор Ринат Гайсин әріптестеріне ретро туындыларды орындауда барынша абай болуға шақырады.
Ринат Гайсин, композитор:
- Әндерді орындау деген жауапкершілік керек. Бұл әндерді орындау үшін шыдамдылық керек, бұл әндерді орындау үшін тек қана талант емес, бұл әндерді түсініп орындау керек.
Ринат Гайсин айтпақшы, Айри ретро әндерді сезіммен орындауға тырысқан. Еске салсақ, өнер иесі соңғы альбомына ескі тректерді енгізген еді. «Нұрлан мен Мұрат» дуэтінің «Жаулап алды махаббаты» мен Қайрат Бәйекеновтің «Сағыныш» әндері ерек интерпретацияда орындалған.
Ал отандасымыз Mona Songz, Валерий Меладзенің осыдан 16 жыл бұрын жарық көрген «Салют, Вера» трегін орындап, ТМД-ға танылып үлгерді. Өнерпаздың бағын жаққан ерек кавер I-Tunes чартында топ жаруда.