Желіге жеңімпазды анықтауға жиналған оқырман, еріксіз қолды болған кумирінің куәгері атанды! Күні кеше, карантин кезінде тікелей эфир арқылы лотерея ойнатқан Ернар Айдар құрықталды. Төтенше жағдайға қарамастан, онлайн ойын өткізген өнер иесінің мұндай әрекетіне не себеп?
Осылайша Ернар Айдар 2,5 млн оқырманның көзінше әп-сәтте қылмыскер атанды! Өнер иесіне, карантин тәртібін бұзғаны үшін құрықталып үлгерген «Мистерионстық» Арман Қоңырбаев пен вайнер Jekka Fatbelly-дің оқиғасы сабақ болмаған сыңайлы.
Естеріңізде болса, Аша Матайдың жары Алматыдағы жасырын жұмыс істеген дәмханалардың біріне бас сұғамын деп, полиция бөлімінен бір-ақ шыққан еді. Әнші 10 АЕК, яғни 26510 теңге көлемінде айыппұл төлеп босатылды.
Ал, инстаграм жұлдызы Жека Fatbelly болса, үйіне хэйрстилист досын шақырып, шашын қысқартқан сәтін желіге жүктеген. Мұны көрген тәртіп сақшылары вайнерді карантин тәртібін бұзған үшін жауапқа тартқан болатын. Кейіннен Жека кінәсін мойындап, кешірім де сұрады.
Ал бір бөлмеге 13 адам жинап, тікелей эфир арқылы лотерея ұйымдастырған Ернар Айдардың әрекеті бүгінде халық арасында қызу талқыланып жатыр.
«Меломен» тобы:
- Білмеймін неге енді лотереяға құмар болып кеткендерін, ақша жетпей жатыр ма, атақ жетпей жатыр ма? Қою керек қой, негізі лотерея деген жақсы емес қой. Өнер ма, өнермен айналысқанымыз дұрыс шығар.
Тәртіпке бағынбаған Ернардың қылығын құп көрмеген меломендіктер, карантин ережесін бұзған әріптесі үшін халық алдында кешірім сұрады.
«Меломен» тобы:
-Енді бізді кешіріңіздер деп бүкіл өнер адамдарының атынан кешірім сұраймыз, Ернар бауырымызды да, Арман бауырымызды да, халық болсын кешірсін дегім келеді.
Ал Мәдина Сәдуақасова болса, Ернардың күйін кешпес үшін үйден мүлдем шықпауға бел буған. Десе де бикеш, онлайн ойыннан түбегейлі бас тартпақ емес.
Мәдина Сәдуақасова, әнші:
- Біріншіден, ол онлайн. Онлайнда сен жалғыз өзің отыра аласың. Ешкім болмай-ақ. Мен білмеймін оның жанында адам болғанын. Ернарларды мен қолдағым келеді. Бұл қылмыскер емеспіз біз, өнер адамдары. Біздің арамызда ешқандай алаяқтық жоқ. Біз керісінше, қалай айтсам екен, өзімізді алдауға өте оңай.
Шынында да, аңғалдыққа салынып, күнделікті тыныс-тірішілігін желіге жүктеуден жалықпайтын өнер адамдарының мұндай уақытта басты жауы- өзге емес, өздері.