Голливуд жаппай шығынға батып жатыр! Алпауыт киноиндустрияның күйреуіне «коронавирус» себепкер болып отырғанға ұқсайды. Эксперттердің есебінше бір айға жетпейтін уақыттың ішінде 20 миллиард доллар көкке ұшыпты. Болжамдарға сүйенсек, текке кетер қаражат саны әлі де арта түседі екен. Бүгінде барлық премьералар шегеріліп, кинотеатрлар жаппай жабылып жатыр.
Тұсаукесері кейінге шегерілген «No Time To Die» фильмі де шаш етектен шығынға батқан. Кинопрокатқа шықпай қалған туынды 7 миллиард доллар көлемінде қарызға кіріп кетіпті. Енді алдағы екі айда кино жарыққа шықпайтын болса, ол сомма ұлғая түседі екен.
Жаһандық дағдарыс «Disney» студиясын да айналып өтпеді. Түсірілімін тоқтатып қойған компанияның бүгінде күніне 300-350 мың доллары көкке ұшып жатыр. Естеріңізде болса, аты жаман дерттің дендеуіне байланысты «Русалочка» фильмінің түсірілім жұмыстары тұралап қалған еді. Енді киногерлер тақым қысып, бұл қысыл-таяң кезеңнен өтіп кетуді ғана күтіп отыр.