Тейлор Свифтың туындылары сатылымы ең жоғары! Халықаралық фонограмма жасаушылар федерациясы 2019 жылы тректері арқылы табысымен топ жарған орындаушыларды анықтады. Бұл тізімде кантри-әнші бірінші. Тейлордың альбомы мен тректері өткен жылдың ішінде үш миллион эквивалент данамен таралған.
Еске салсақ, әншінің бұл тізімде екінші рет көш бастауы. Өнерпаз бұған дейін 2014 жылы ең табысты деп танылған еді. «Тейлор Свифттың мұндай жетістікке жетуінің сыры – оның жанкүйерлеріне жақын болып, фанаттар қауымдастығымен тығыз қарым-қатынасында», - дейді мамандар.
2019-шы жылы Эд Ширанның да туындылары тыңдарман арасында жиі сатып алынған көрінеді. Осылайша, британдық поп-музыкант екінші орынға жайғасса, табыстылар үштігін америкалық рэпер Post Malone тұйықтайды. «Rockstar» трегімен танылған әншінің, бүгінде әр әуені хитке айналып жүргені көпке мәлім.
Ал әлемді аузына қаратқан Билли Айлиш төртінші. Бұл өнер әлеміне жаңадан қадам басқан жас әнші үшін жаман көрсеткіш емес. Сондай-ақ, сатылымы жоғарылар бестігін «Queen» тобы түйіндейді. Аты аңызда айналған топтың туындылары талай уақыт өтсе де, халық арасында сұранысын жоғалтпақ емес.