Ел алдында еркелері еріксіз танымал болып жатқан жұлдыздар жетерлік. Бірінің нақ көздегені атақ болса, енді біріне бұл көзге шыққан сүйелдей кері әсер етеді екен. Ал Жанболат пен Жазираның жалғызы Қазыбек Қожахметов танымалдылықты көздемесе де, жұлдызды ата-анасының пиар менеджері қызметін атқарып жүр. Инстаграмда белсенді серіні, анасы бүгінде «үйлен» деп қыстап жүргенге ұқсайды.
Жазира Байырбекова, әнші:
– Енді Қазыбекке айтып жатырмын үлкен ұлымызға «енді сен үйленетін қыз ізде. Ертерек үйлен. Біздің Дара қызымыз екі-үш жасқа келгенше, үйде тағы бөпе болуы керек. Енді үйден сәбиді үзбейік» дедім. Мүмкін мен де тағы дүниеге сәби әкелермін. Мүмкін келінім әкелер. Мүмкін екеуіміз кезектесіп әкелерміз.
Ал атышулы Алагөзованың Айаруы даңқ пен дақпыртқа ірге салғысы жоқ екен. Тіпті атақты анасының инстаграм парақшасына кейде суреттерін жүктеуге рұқсат бермейтінге ұқсайды. «Қызымның табиғаты интроверт. Сондықтан оны қинағым келмейді», - дейді Баян ханым. Естеріңізге сала кетейік, Бақытбекқызы ютуб хостингына өзі пісірген түрлі тәттілерді жүктеп отырады.
Баян Алагөзова, продюсер:
- Менсіз де, өмірдің тыйымдары жетерлік. Өмірде көптеген нәрселерді істеуге болмайды, белгілі бір дүниеден шектеуің керек. Сондықтан, қызыма былай істе деп, еркіндігіне тұсау салғым келмейді.
Ал қымбат маркалы көліктермен көзге түсіп, инста әлемді жиі шулататын Қыдырәлі Болмановтың тұңғышы Бекболат желідегі желікпе, тәтті өмірден бөлек спортты да жаны сүйетін болып шықты. Ал әкесі болса, ұлының әрекеттерінен олқылық көрмейтінін, қажет жерде ақылын аямайтынын айтады.
Қыдырәлі Болманов – әнші, продюсер
- Үлкенім сол спортпен, футболмен, қазір бокспен араластырып айналысып жүр. Оған былай-былай бар демейміз. Бірақ, ақылдасамыз не істемек ойың бар, қайда бармақ ойың бар деген сияқты.