«Әр нәрестенің өз несібесі бар!» Бұл әнші әрі көпбалалы ана Динара Сұлтанның басты ұстанымы десек, артық айтпаспыз. Желіде жаңа туған сәбиге және баланың санына қарай берілетін мемлекеттік жәрдемақы туралы жазған өнерпаз, аналарға арналған жеңілдіктердің әлі де болса аздығын алға тартады. Әнші, тіпті, алтыншы сәбиін босанғаннан кейін алатын жәрдемақы сомасынан хабардар. Мәселен, біржолғы төлем – 167 013 теңге құраса, ай сайын Динара мемлекеттен 23 594 теңге алуы тиіс.
Динара Сұлтан, әнші:
- Негізінде, жеңілдіктер шыны керек аз Қазақстанда көп балалы аналарға, мен соны негізі сұрағым келеді + енді әрине көмектесіп жатыр мен онымен мысалы пайдалануға мен өзім ұят көремін мысалы өйткені мен Құдайға шүкір ақшасы несі жетіп жатырған жерде тұрып жатырмын ғой енді, жерге шықтым деп айтуға да болады тұрмысқа.
Ал, актриса Дарья Александрованың арқа сүйер азаматы жоқ. Қызы Мияның дүниеге келгеніне 2 жылдан асса да, жас ана мемлекеттен жөргекпұлды алмағанына күйінеді. Биылғы айлық есеп бойынша, бірінші балаға – 100 738 теңгені құрайтын сомма тиесілі еді.
Дарья Александрова, актриса:
- Қазір менің тұрақты жұмысым бар. Ал ол кезде инстаграмда белсенді бола тұра, жөргекпұлды қалай, қайдан алатынын, ол үшін не істеу керектігін білмедім. Ақыр соңы ешқандай көмек, бір тиын да алмадым. Шыны керек, жұмыссыз болғандықтан маған не үшін мемлекет жәремақы беретінін білмедім.
Дегенмен, актриса бұл жағдай тек өзіме ғана емес, өзгеге де сабақ болсын, дейді. Соңғы кезде, блогер ретінде танылып жүрген ол, өз парақшасы арқылы болашақ аналарға кеңес береді. Айтуынша, жұмыссыз әйелдердің 70 пайызы мемлекеттік жәрдемақыны алу үшін қандай құжат жинау керектігін де білмейді.
AMOuAGE - дық Анастасия Клещенко болса, жәрдемақы туралы енді ғана ойланып жүр! Ажырасып, жалғызбасты ана атанған әнші екі баланы өсіру оңай емес дейді.
Анастасия Клещенко, «AMOuAGE» тобының әншісі:
-Бұл жайлы енді ойланып жатырмын. Өйткені екі баланың анасымын. Бұған дейін ешқандай жәрдемақы алмадым.
22 жылдан кейін қызды болған Жазира мен Жанболат та мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінен хабардар. Сондықтан да, жұлдызды отбасы Дара қызға берілетін жөргекпұлды алуға кетәрі емес.
«Жанболат пен Жазира» дуэті:
-Біз ең бастысы, Аллаға шүкір. Баланың дені сау болып, аман-есен өскені ғой. Үкіметте неше түрлі өзгерістер болып жатыр енді. Жылда өзгеріп жатыр заңдар. Жәрдемақы беріледі. Заңды түрде ғой, әрине. Елмен халықпен бірге. Біз енді жәрдемақы алуымыз керек деп әлі ондай қадамға барған жоқпыз. Барлығы өзінің несібесіне қарай болып жатыр.